Елордада отандық құрылыс материалдарының көрмесі өтіп жатыр

«Жайлы мектеп» құрылысына отандық материалдар қолданылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар  өзімізде шығарылатын құрылысқа қажетті тауарлардың сапасы стандартқа сай дейді. Елордада қазақстандық өндірушілердің өнімдері көрмеге қойылды. Көрмеде кірпіш, құрылыс қасбеті, жиһаз, терезелер мен арматура жасайтын 30-дан астам компания өз тауарын ұсынды. Бүгінде елімізде заманауи мектептер салу үшін барлық қажетті материал өндіріліп жатыр.

Айта кетерлігі, елде салынып жатқан «жайлы мектептерді» жабдықтауға тек отандық өнім қолданылмақ. Жалпы 2025 жылдың соңына қарай ел бойынша 400-ге жуық соңғы үлгідегі білім ошақтары салынады. Статистикаға сүйенсек, былтыр елде құрылыс материалдарын өндіру көлемі 2,7%-ке өскен. Мәселен, әктас пен гипс, ағаш бұйымдары мен әйнек сияқты құрылысқа қажетті материал түрлерін шығару көлемі едәуір артқан.

Нұркен Төлендиев, Тас өңдеу қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Республикада 16 тас өңдейтін мекеме бар. Олардың әрқайсысы әр аймақта тас карьерлерін иегереді. Тас карьерлерінің қоры 250 жылға жетеді деген мәлімет бар. Ең көбі Жамбыл облысында 10 шақты карьер бар. Түркістан облысында 3 карьер, травертин және гранит, мрамор өндіретін мекемелер. Қазіргі таңда ұлттық бағдарлама «Жайлы мектепке» қажетті материалды қауымдастыққа қарасты мекемелер өндіріп беретін мүмкіндігі бар.