БҚО-да өңірдегі экология мәселелері қаралды

Көбейіп кеткен киіктер ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіріп жатыр.

Ақбөкеннің санын шұғыл реттеу керек.  Экология министрі Зүлфия Сүлейменованың Батыс Қазақстан облысына сапары кезінде тұрғындар осы мәселені көтерді.  Сонымен қатар жүздесуде Жайық өзенінің жайы, магистральды арналарды аршып, Қамыс-Самар эко жүйесін қалпына келтіру жайы да талқыланды.

Бауыржан Сабанов - Жәнібек ауданының тұрғыны. Биыл 400 гектар жерге судан шөбін еккен еді. Алайда еңбегі еш кетті. Үш қабат тікенек сыммен қоршап, «Охотзоопром» инспекторларымен бірге күні-түні қорғағанына қарамастан киік  250 гектарды тып-типыл қылған. Экология министрімен кездесу үшін 500 шақырым жерден арнайы келіпті. Бұған дейін халықаралық сарапшылардың Астанадағы басқосуына да қатысқан. 

Бауыржан Сабанов, Жәнібек ауданының тұрғыны:

- Сарапшылардың айтуынша қазіргі жағдайда киікті реттеуге Қазақстанда ешқандай тыйым салынған жоқ. Ішкі нарықта өзіміз киігімізді реттей аламыз. Тек мүйізі сақтауға алынады, болашақта экспортқа шығару үшін. Сарапшылар сөйдеп жеткізіп айтқан. Біз негізі киіктің санын реттеу керекпіз. Реттемесе киіктің өзі де қырылады. И малдарға да ауру жұғады, малдар да қырылады. 

Киік көбейіп кетті, шабындықтардың шаңы шықты деп шаруалар дабыл қаққалы төрт жыл болды  Биыл оңтүстік аудандарда мал азығын дайындау мұң. Арнайы комиссия  1300 қожалыққа 7,9 миллиард теңге шығын келгенін анықтады. Бірақ залалды қай министрлік өтейтіні белгісіз. Бөкеннің басын реттеу жөнінде бүгін де нақты жауап болмады. 

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология министрі:

- Мамыр айында эксперт-мамандар БҚО-ға да, Ақмола облысына да барып келді. Осыған байланысты тиісті ауылшаруашылығы мен киіктердің арасындағы шиеленісті шешу бойынша бірқатар ұсыныстар берілген болатын. Қазіргі таңда біз Жәңгір хан атындағы университетпен бірге киіктердің популяциясын тұрақты пайдалану бойынша іс-шараларды қалыптастырып жатырмыз. Олар қалыптасып болғасын міндетті түрде қосымша жариялайтын боламыз. 

Кездесуде тұрғындар өңірді суландыруға қатысты мәселені де көтерді. Жайық-Шалқар және Азынабай-Тайпақ арнасын аршып, осы арқылы Ақжайық ауданындағы бос жатқан 320 мың гектар жерде мал шаруашылығын дамыту,  Қамыс-Самар экожүйесін қалпына келтіру, жылжымалы шлюз қою арқылы Жайықтан Киро-Шежін жүйесіне алынатын су көлемін көбейту мәселелері өңір үшін маңызды. Бұл тұрғыда арнайы комиссия құрылмақ. 

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология министрі:

- Оған су ресурстары комитетінің, «Қазсушардың», жергілікті әкімдіктің адамдары кіріп, нақты жаратылыстану негіздемесін жасап, әрбір инфрақұрылым бойынша оның жағдайы бойынша тиісті рекомендация, ұсыныстар және жалпы су экосистемасын тұрақты пайдалану бойынша іс-шаралар кешенін қалыптастыратын боламыз, жақын арада бастап. 

Экология министрі өңірге сапары барысында сондай-ақ тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, БҚАТУ базасындағы киік тәлімбағының қызметімен танысты.

Е.Жылқайдарұлы, Қ.Махмудов, Э.Аюпов