KEGOC-тың таза табысы 23 млрд теңгеге жетті
KEGOC компаниясы бірінші жартыжылдықты табысты аяқтап, 23 миллиард теңге таза пайда тапты.
Жылдық жоспардың да жүзеге асатынына сенімді. Сондай-ақ компанияның акциялары жоғары өтімділік пен тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Бұл туралы KASE Қазақстан қор биржасында өткен Эмитент күні іс-шарасында акционерлік қоғамның басшылары хабарлады.
KEGOC - жүйелік оператор ретінде Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің сапалы жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Компания алты айда 23 млрд теңге пайда тапты. Ал бір жылда 31 миллиардтан астам таза пайда түседі деген болжам бар. Өсім мына факторлармен байланысты.
Айгүл Әкімбаева, KEGOC АҚ қаржы және есеп бойынша атқарушы директоры:
- Бірыңғай сатып алушының моделін қолдану арқылы «ұлттық электр торабын пайдалану» секілді жаңа қызметті енгіздік. Нәтижесінде тұтынушылардың саны артып, көрсететін қызметтің көлемі де ұлғайды. Жаңа тарифтер бекітілді.
Осылайша 2023 жылы компанияның табысы өткен жылмен салыстырғанда 17,7 процентке өседі деген жоспар бар. KEGOC-тың акциялары да тұрақты құнды қағаздардың бірі саналады. IPO-ға шыққан кезде бір акциясы 505 теңге болса, қазір 1 577 теңгеден сатылуда.
Салтанат Сатжан «Самұрық-Қазына» АҚ даму және жекешелендіру бойынша басқарушы директоры:
- Және де KEGOC компаниясы тұрақты дивиденттерді төлейді. Әр жыл сайын. Біздің қаржы директоры атап өткендей жылына 2 рет. Сондықтанда KEGOC-тың дивиденттік тарихы өте жақсы. KEGOC компаниясының біздің Самұрық-Қазына портфелінде алатын орны ерекше.
Компания былтыр өз акционерлеріне 30 миллиард теңгеден астам дивиденд төлепті. Сондай-ақ, KEGOC еліміздің бірқатар өңірінде ірі инвестициялық жобаларды іске асырып жатыр. Бұл тұтынушыларды сенімді түрде электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон