Өзбекстанмен бірлескен 12 жоба жүзеге асырылып жатыр
Өзбек нарығына қаржы құйып, кәсібін дөңгелетіп отырған қазақстандық бизнесмендердің қатары артып келеді.
Керісінше біздің елге де инвестор болған өзбек ағайындар да бар. Солардың бірі Қарағандыда тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын құруды қолға алды. Жеңіл өнеркәсіп саласында ілкімді іс бастағандар да бар. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос ел, бірлескен өндіріс орындарын көбейтіп, импортты алмастыруға ден қойған.
Бауырлас өзбек халқының Қазақстанға деген көзқарасы қашаннан бөлек. Ала шапанды ағайын алыс жолға шығарда қазақтан досың болсын деп бекер айтпаған. Екі елдің достығы жаңа дәуірде де көрініс тауып келеді. Әсіресе жетекші кәсіпорындар арасында кооперация құру бастамасы нақты іске асырылып жатыр. Қазір елімізде өзбекстандық инвестиция көмегімен 12 жоба қолға алынды. Соның бірі - Қарағандыда іске қосылатын тұрмыстық техника зауыты. Өндірістік қуаттылығы импортты алмастыруға жеткілікті.
Нарыққа қазақстандық өнім шығарады. Бұдан бөлек, тоқыма саласында жұмыс істейтін бірлескен екі өндіріс бар.
Саруар Ахатов, тұрмыстық техника шығартын кәсіпорын басшысы:
- Қазақстанға жылына 20 млн доллардың өнімін жөнелтеміз. Оны еселеуді жоспарлап отырмыз. Шымкентте ірі сауда орнын ашқымыз келеді. Осы бағытта да келіссөз жүріп жатыр.
Өзбекстанда да қазақстандық кәсіпкерлер бизнесін өрістетіп жатыр. Екі елдің өзара тауар айналымы былтыр 5 млрд долларды құраса, соның басым бөлігі біздің экспортқа тиесілі. Қазақстанның астығы мен ұны, еті мен күріші мұнда жоғары сұранысқа ие. Өзбекстан арқылы Ауғанстан асады. Астық өнімдерінен бөлек, елімізде шығарылған кей көліктер қала көшелерінде жүр. Оған қоса, таяуда «Сергек» бейнебақылау камералар жүйесі көршімізге экспортталды. Қазір Наманган қаласында жолдағы қозғалысты реттеуге қолданылады.
Ардақ Зебешов, ҚР СІМ инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы:
- Қазақстанға бірінші тоқсанда 1,9 млн доллар тартылған болатын. Ал жалпы тәуелсіздік жылдары 30 млн тартты Өзбекстаннан. Келешекте бірнеше жобалар бар. Өзбек әріптестермен тәжірибе алмасу және жобаларды нақты талқылау бойынша жұмыс жүргіземіз.
Екі елдің алыс-берісі артқан сайын барыс-келісі жиіледі. Шекаралық өткізу бекеттеріне қазір ауыртпалық көп. Бюджеттен қосымша қаржы бөліп, жаңа кеден пункттерін салу немесе қолданыстағысын жаңғырту міндеті тұр. Өзбекстанға екі күндік ресми сапармен келген еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осы бағытта келіссөздер жүргізді. Кеден және трансшекаралық өзен мәселелерін де қозғады. Одан бөлек, инвестициялық әріптестікті одан әрі нығайту жолдары талқыланды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Қазақ пен өзбектің бір-біріне құрметі көп жағдайда аңғарылады. Астанада Әлішер Науаи, ал Ташкентте Абайдың алыстан мен мұндалайтын ескерткіші бар. Мұндай деңгейдегі байланыс халықаралық ынтымақтастықты дамытуға да сеп.
Авторы: Рауан Мыңбаев