«Асар» әлеуметтік сауықтыру бөліміне 20 жыл толды
Павлодар облысындағы «Асар» әлеуметтік сауықтыру бөліміне 20 жыл толды.
Осы уақыт аралығында есірткі, ішімдік пен ойын-құмарлыққа бой алдырған жүздеген азамат емделіп шықты. Жыл сайын 200-ге жуық науқас оңалту бағдарламасынан өткен. Мамандардың айтуынша, дүниежүзілік тәжірибемен салыстырғанда, бұл – жақсы көрсеткіш. Мекемеге келген науқастар емдеу шараларынан бөлек, жаңа мамандықты игеру мүмкіндігіне ие. Емдеу бағдарламасы шеңберінде азаматтар жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының қыр-сырын меңгере алады. Шығармашылықпен айналысуға болады.
Әбіл Нұрпейісов, Әлеуметтік-сауықтыру бөлімінің емделушісі:
- Осы мекемеге мамыр айында келдім. Емдеу бағдарламасынан өтіп жатырмын. Мамандардың жұмысына ризамын. Білімдері де, біліктіліктері де жоғар. Әр науқастың денсаулығы үшін алаңдап, әрдайым қамқорлық көрсетеді. Емделіп шыққан соң есірткіге тәуелді азаматтарға көмектесу үшін кеңесші болғым келеді.
Сағат Алтынбеков, медицина ғылымдарының докторы:
- Ашылған орталығымыз Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД әулетінің ішіндегі бірінші. 20 жылдың ішінде 600-ден астам нашақорлықты пайдаланған балаларды емдеп шықтық. Қазір олар өздерінің жанұясын құрып, балаларын көріп, біздің елімізге жұмыс жасап жатыр.