71 жастағы чемпион

71 жастағы Алла Мян 60 метр қашықтықты 10 секундта  жүгіріп өтеді. 

Бұл әуесқой жеңіл атлеттер арасында еліміз бойынша үздік көрсеткіштің бірі. Бір қызығы – ардагер ұстаз спортпен шұғылдануды 60 жасында бастаған. Басында буын ауруларынан арылу үшін қарапайым дене жаттығуларын жасап жүреді. Қазір Алла әжей жүгіруден Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды.

Алла Мян 35 жыл үстаз болған. Бастауыш сыныптың мұғалімі. Ұзақ жыл балаларға білім беріп, спортпен шұғылдануға бос уақыты болмапты. Алайда зейнетке шыққаннан кейін денсаулығы сыр бере бастаған. Буындары ауырып, бір қолын қимылдата алмай қалады.

Алла Мян, қала тұрғыны:

- Орталық стадионға келіп, сырқатымды жеңу үшін дене қимылдарын жасай бастадым. Сол кезде жүгіруден әуесқойлар клубының жетекшісі өз қатарларына қосылу туралы ұсыныс айтты. Алғашқы облыстық жарыста бірінші орынды жеңіп алдым. Содан бастап қарқынды жаттығуға кірісіп, республикалық турнирлерге қатыстым.

Әуелде аз уақытқа ғана орталық стадионға дене қимылын жасауға келген Алла Мян сырқатынан құлан таза айығып, спортқа деген құлшынысы арта түседі. Қан қысымы қалпына келіп, қимылы ширай береді. Ал бір жыл жаттыққаннан кейін желаяқтардың қатарына қосылады. Осылайша Қазақстан біріншілігінде өз қатарластары арасында алтын жүлдені жеңіп алады.

Малика Омарова, қала тұрғыны:

- Қазақстан Республикасында 70-тен асса да бірінші орында тұр. Кешегі соңғы жарыста 35-39 жас аралығында эстафетада біз бірге жүгірдік, жасы 71-де болса да бір алтынды алды. Таң қалды, тұрған кезде де қошеметтеп, қол шапалақтады. 

Бүгінде Алла Мянның спортпен шұғылдана бастағанына 10 жылдан асты. Облыстық, республикалық жарыстардан жүлдесіз оралған күні жоқ. Осыдан бірер күн бұрын Қарағандыда өткен ел біріншілігінде қашықтыққа жүгірудің барлық түрінен үздік шығып, 7 алтын медаль жеңіп алды.

Алла Мян, қала тұрғыны:

- Мен 10 секунттан астам уақытта 60 метр қашықтықты жүгіріп өттім. Бірақ мен үздік нәтижелеріме кәсіби түрде көңіл бөлмеймін. Мен спортпен жан рахаты үшін ғана шұғылданамын. Жастарға үлгі, өнеге көрсеткім келеді.

Алла әжей жетпістің желкенін керген тұста да жер жүзінің чемпионы болуды армандап жүр. Үздік нәтижелерінің арқасында Қазақстан құрамасының сапына алыныпты. «Енді әлем біріншілігіне қатасып, ең биік тұғырға көтерілу – басты мақсатым», - дейді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев