Петропавлда қазақ сыныптары ашылды

Петропавлда баласын қазақ тілінде оқытқысы келетін ата-ана көбейді.

Биыл мемлекеттік тілде білім алуға 624 өтініш түскен. Осыған байланысты жауапты сала мамандары орыс тілді мектептерде қазақ сыныптарын ашып жатыр.

Салтанат Әбдіхалық төрт баланың анасы. Өзі физика пәнінің мұғалімі. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста. 2019 жылы отбасымен Шымкент қаласынан қоныс аударған. Тұңғышы Мансұр биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

Салтанат Әбдіхалық, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Әрбір ата-ана баласының білімді, тәрбиелі орта қалыптастырғанын қалайды ғой. Сол үшін біз жан-жақтан сұрастыра келе осындағы орыс тілді мектептің арасындағы ең мықты мектеп осы болғандықтан, және осында қазақ сыныбының ашылуына байланысты біз қуана осында келіп, тест тапсырдық. Содан өтіп, осында оқиын деп жатырмыз.

Аталған гимназия гуманитарлық бағытта білім беретін инновациялық мектеп. Қаланың ортасында орналасқан білім ошағында биыл қазақ сыныбы ашылды. Әзірге 16 оқушы қабылданды. Жауаптылардың айтуынша өңірде уақыт өте келе баласын қазақ тілінде оқытсам дегендердің саны артқан.

Бұлбұл Ахмадиқызы, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
- Петропавл қаласында 36 мектеп бар. 36 мектепте бүгінгі таңда 27 842 оқушы оқып жатыр. Осы 36 мектептің 6-ы тек қана таза мемлекеттік тілде оқитын мектеп. Оның ішіндегі бала саны 3 891 болып тұр бүгінгі күні. Және қосымша бізде аралас мектептер бар. Біз әр жыл сайын сараптама жасап жатырмыз. Сонда әр жыл сайын қазақ мектебіне баратын талап өсіп келе жатыр.

«Бала ана тілін білу керек», - дейді солтүстік қазақстандық Жанат Мұхамеджанов. Сондықтан ол қазақ сыныптарын жаппай ашу үшін түсіндіру жұмыстарын күшейту керек деген пікірде.

Жанат Мұхамеджанов, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:
- Абайдың жан дүниесін түсіну үшін, біз оригинал өзінің қазақ тілінде оқыған дұрыс. Яғни аударма көп мағынада сол тілдің маңыздылығын, мәйегін жеткізе алмайды. Ата-ананың санасы ояну керек. Өркениетті қоғам боламыз десек, ең бірінші біз өзегімізді таппай, өзгенің таңсығына жабыспай, өзіміздің құндылықтарымызды бірінші насихаттауымыз керек.

Бастысы бастама бар. Аймақта енді бұл іске қоғам белсенділерімен зиялы қауым өкілдері де атсалысады.

Самат Қайырденұлы, тілші:
- Орыс тілді мектептерінен қазақ сыныптарын ашу жұмыстары келер жылы да жалғасын табатын болады. Мұндай үрдіс қаладан бөлек аудандарда қалыптасып келеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков