Ұлттық парктер де қоқыс «жәшігіне» айналып барады

Биыл елдегі 13 ұлттық саябақ аумағынан мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Жыл басынан бері ұлттық саябақтарға келген 730 мың туристен қалған қоқыс мөлшері осындай.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ластағаны және фауна мен флораға зиян келтіргені үшін тағылатын айыппұл қаңтар айында 10-нан 20 айлық есептік көрсеткіштің көлеміне дейін өсті. Бірақ мәселе шешілмей жатыр дейді экологтар.

Далалық жерге немесе өзен мен көл жағасына демалуға барсаңыз, адам баспаған таза аумақ таппай қиналасыз. Өйткені кісі аяғы тиген жер толған қоқыс. Өкінішке қарай, көп демалушы артын жинап жүруді міндет санамайды. Сорақысы сол, тамақ қалдығы мен ошақ орны жұрт тәу ететін қасиетті орындарда да жиі анықталады. Геоглифтерді зерттеу жұмысымен айналысатын қостанайлық жиһанкез Дмитрий Дей осыған талай мәрте куә болған.

Дмитрий Дей, зерттеуші:

- Ешбір турист бармайтын жерлердің өзінде қоқыс толып жатыр. Соған қарағанда жергілікті балықшылар қалдырып кетуден қымсынбайды. Қалдықтардың ішінде көбіне шыны мен пластикті жиі байқаймыз.

Дмитрий Дей бастаған зерттеушілер тобы негізгі жұмысымен қатар, жолында кездескен кез келген аумақты ұдайы тазартып жүруді әдетке айналдырған. Қорымдар, ескерткіштер мен мемориалдық кешендерде сенбілік ұйымдастырады.

Мәриямгүл Оразалиева, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Әр адам түсіну керек қой. Сен табиғатқа келдің, «артыңды жинап кет» деген нәрсені әр адам ұғыну керек. Бірақ осындай нәрселер болып жатыр.

Табиғат аясында қоқыс жәшігі жоқ па? Не себепті айнала ластана береді? Себебі Қазақстанда қоқысты өзімен бірге алып жүру мәдениеті қалыптаспаған. Көпшілік қолындағы қалдықтан құтылғанша асығады, дейді сарапшы.

Мәриямгүл Оразалиева, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Қоқыс жәшіктері көп болса, ол толып қала береді. Адам тастай береді, ол жинала береді. Ал адам өзімен алып кететін болса, мысалы АҚШ халықаралық тәжірибесін қарасақ, қоқыс тастайтын жәшік көрмейсіз. Өйткені әр адам өз қоқысын өзі алып кетеді.

Қоқысты сұрыптау және іріктеу сияқты далалық жерге жете қоймаған жақсы әдеттердің бірі қазір қалалық жерде тәжірибеде аз да болса бары жасырын емес. Жалпы тазалықты сақтау үшін жыл басынан мыңнан астам рейдтік іс-шара жүгізілген. 70 заңбұзушылық анықталып, 13 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.

Назгүл Әлімсұрова, ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаментінің бас сарапшысы:

- Қалдықтардан тазарту, оларды жинау, өңдеу бойынша бізде осы жүргізіліп жатқан саясатқа жергілікті атқарушы органдар жауапты. Яғни олар өздерінің аумақтары бойынша қалдықтарды шығару ұйымдарын анықтап, олармен тікелей келісім-шарт жасап, тазарту жұмыстарын атқарады.

Биыл 300-ге жуық эко-науқан өткізілді. Оған 6 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде, волонтёрлар, студенттер, оқушылар, эко-белсенділер, блогерлер бар. Осы жылы 13 ұлттық саябақты қоқыстан тазарту үшін қосымша 115 адам қабылданды. Уақытша топ аптасына 3 рет шығып, таңнан кешке дейін қоқыс тереді.