Туризм мен дәстүр сабақтастығы
Әлдеқашан тарих қойнауында қалған көшпенділер өмірін ат құлағында ойнаған алыптарды, Алматының іргесінен көруге мүмкіндік бар.
Отандастарымыз бен шетелдік туристердің сүйікті демалыс орнына айналған жерде, атқа мінуді үйреніп, киіз үйде тамақтанып, таза ауада серуендеп, тіпті балық аулауға болады.
Алматыдан алыстамай-ақ, тамаша табиғаттың аясында демалу - қала тұрғындары үшін таптырмас мүмкіндік. Медеу ауданындағы шатқалда орналасқан бұл демалыс орнына қарбалас тіршіліктен қолы қалт еткендер жиі келеді. Әсіресе, атқа мініп, тақым қысудың қызығы басым. Жылқының сырын білетін шабандоздар білгенін үйретеді. Ал көшпенділер шоуы – отандық туристердің рухын көтеріп, шетелдік қонақтарға таңдай қақтырары сөзсіз. Теңге ілу мен аударыспақ, ат үстіндегі шалт қимылдар бәрі осында.
Ханзада Серікқызы, қала тұрғыны:
- Мында мен екінші рет келіп отырмын. Бір-екі рет атқа отырып шауып көрдім, соныменен ат өзінікін алды.
Эльмира Азмаметова, қала тұрғыны:
- Отбасымызбен достарымызбен мұнда жиі келеміз. Балық аулап, уақытты қызықты өткізуге болады. Әсіресе, дәл осы жердегі көшпенділердің бірегей шоуын басқа жерден көре алмайсыз.
Кәсіп иелерінің айтуынша, демалыс күндері мұнда 450-ге жуық адам келеді екен. Ұжымдық шараларды өткізуге де қолайлы. Келушілер тау бөктеріндегі таза ауамен тыныстап, күш-қуат жинап қайтады. Қазақы киіз үй мен дәстүрлі ұлттық тағамдарға туристердің қызығушылығын аңғару қиын емес. Демалыс орнында қармағыңыз қапса, балыққа да қарық боласыз. Ал балаларға арналған алаңқай қауіпсіз, әрі қызықты.
Ардақ Шеризатқызы, демалыс кешенінің директоры:
- Біздің қонақтарымыз келіп демалумен бірге қазақи жаңғырады. Өйткені бұл жерде алтыбақан бар, қазақша атқа отырумыз бар. Бізде сақ моншасы бар. Өзіміздің көне.
Алматының артықшылығы - қала орталығында жүріп, 20 минутта тау бөктеріне көтеріле аласыз. Алатаудың баурайындағы мегаполиске осы жылдың бірінші тоқсанында 452 мыңнан астам адам қыдырып келген, оның ішінде 118 мыңнан астамы – шетелдік саяхатшылар. Туризм мен дәстүрді ұштастыра білген жандар қомақты табыс тауып отыр.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев