«Ұлы дала жорығы» басталды

«Ат қостым, ат айдаушы айда деймін...» Елорданың іргесіндегі Қаражар ауылынан жүзге жуық ат даланың шаңын қағып, 1300 шақырымдық жолға шықты.

Сөйтіп, «Ұлы дала жорығы» басталды. Бабы келіссе жүйріктер 13 күн бойы 100 шақырымнан жүріп отыруы керек.

Азаматтардың да, қазанаттардың да сыналатын жері. Осымен екінші жыл қатарынан ұйымадстырылған республикалық марафонға 19 команда жиналды. Әрқайсысында 5 спортшыдан бар. Олар 2 апта бойы 1300 шақырым жерді жүріп өтуі керек. Бұл былтырғы межеден 100 шақырымға артық. Бұған қоса, айдау жолдың да бағыты біраз өзгерген.

Саламат Серікұлы, БҚО командасының жетекшісі:

- Былтыр енді көп кемшілік болды. Бірінші жыл болғасын ешқандай дайындық болмады. Көп нәрсені білмедік. Биыл енді көреміз. Дайындалып келдік.

Ісенбай Қалдаманов, Маңғыстау облысы командасының жетекшісі:

- Сәйгүліктеріміз аман, балалар үстіндегі аман – есен жетсе деген ойдамыз. Әр команда жеңіске лайық болып келгенін көріп отырмыз. Сондықтан биыл оңай жеңіс болмайды деп ойлаймын.

Ақмолалық арулар да атқа мінген. Биылғы бәсекенің бір  ерекшелігі осы - қыз балалар да бәйгеге қатысады. Бұндай жағдай бұрын соңды болмаған. Сөйтіп, Ақмола өңірінің намысын 4 бойжеткен қорғайды.

Лаура Бұқбабаева, Ақмола облысы командасының мүшесі:

- Бірінші рет атқа 4 жасымда отырдым. Содан бастадым. Спортқа 12 келдім. Содан жүрміз. Күн сайын жаттығу жасадық. 80-90 км шығып. Командамыз дайын. Жол бәрін көрсетеді.

Тек Ақмола облысы ғана емес, жалпы қатысушылар құрамы биыл 70 пайызға жаңарған. Ереже де өзгерді. Бәйге аттары 20 шақырым сайын арнайы орындарға тоқтап, суғарылуы тиіс. Әр 50 шақырым сайын мал дәрігері тексеріп отырады. Осылайша әр шабандоз астындағы атымен кемі 650 шақырым жерді жүріп өтеді. Кейін ат ауыстыруға болады. Бірақ, кей қатысушылар қазірдің өзінде бар қашықтыққа бір атпен шауып, рекорд жасауға бекініп отыр.

Бақытжан Тұрлыбеков, жоба авторы:

- Мәселен Жетісудан ұсынып жатыр. Қостанай облысынан екі атты ұсынып жатыр. Басқада аймақтар аттың жағдайына қарай қоспақшы.

Аслан Қаженов, тілші:

- Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта Ұлы дала жорығының маршруты өзгереді. Яғни, екінші жыл қатарынан Астана және түркістан қалаларының арасы таңдалып отыр. Ал енді еліміздің басқа қалаларымен байланыстыру жоспарда жоқ па деген сауалды алға тарттық. Жарыстың басы-қасындағылар, әрине, бар дейді. Мәселен, 2024 жылы СҚО Ботай қорығынан бастап, Астанаға дейінгі аралықты жүріп өтпек. неге? Өйткені, алдағы жылы елордада, бәрімізге белгілі, дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Бір апта аралығында. Міне, осы аралықта аталған аралықты бағындырып, жарыстың мәнін арттыруға, маңызын кіргізуге үлес қоссақ деген жоспары бар екен.

Авторлары: Аслан Қаженов, Руслан Әлиев