Алматыда «HALAL EXPO-2023» көрмесі ашылды
Мақсат – халал индустрияның дамуына атсалысып, отандық өнім өндірушілерді насихаттау.
Тұтынушы мен өндіруші арасын жалғап, кәсіпкерлердің өзара байланысын нығайтуды көздейді. Халықаралық шара осымен үшінші рет ұйымдастырылды. Көрмеде ет, құс, сүт және балық өнімдері, жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдер төмен бағада сатылды. Оған қоса келушілер халал косметика, биологиялық белсенді қоспа, гигиеналық заттар, тазартқыш құралдарды тиімді бағада алды. Отандық өнім өндірушілермен бірге Индонезия, Украина, Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты елдердің халал сертификатын иеленген кәсіпорындар да келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Наурызбай Өтпенов, ҚМДБ төрағасы:
- Алладан тілек тілегенде асымыздың адалдығын, басымыздың амандығын тілеген, ұл-қызымыздың инабатты болып өсуіне мән берген халықпыз. Негізгі мақсат – асымыздың адал болуына үлесімізді қосу. Жалпы Қазақстан бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқрамасының сертификатын алған 1500-ге жуық кәсіпорын бар. Соның 700-ге жуығы – асқа, тағамның бағытында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар.
Ырысгүл Айткәрімқызы, кәсіпорын өкілі:
- Семей қаласынан келдік. Біздің компания нан-тоқаш өнімдерін шығарады. Негізінен ұн өнімдерін десе де болады. Қазақтың ұлттық өнімі бауырсақтың түр-түрін шығарамыз. Жол бауырсақ, той бауырсақ, ши бауырсақ. Осылай кете береді. Одан кейін шығарылатыны – талқан, жент өнімдері. Халал Экспоға биыл 3 рет қатысып отырмыз. Осыған дейін Шымкент, Астана қалаларында өткен көрмелерге қатысқанбыз.