Павлодар облысында жылу маусымына дайындық пысықталды

Павлодар облысында жылыту маусымы қыркүйектің 30-да басталады.

Премьер - Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өңірге арнайы барып, жылу электр станцияларының жұмысымен танысты. Облыс орталығындағы Жылу энерго кешені қыс мезгіліне толық дайын. Ал Екібастұзда кең ауқымды жөндеу жалғасып жатыр.

Павлодар қаласын жылумен қамтып отырған 3-ші жылу энерго орталығында биыл 2-ші, 4-ші және 6-шы қазандықтарда жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазір 4-ші қазандық толық іске қосылды. Қалған қазандықтардағы жұмыс осы айдың соңына дейін аяқталады. 

Игорь Гринев, 3-ші жылу энерго орталығының директоры:

- Қазір станцияда  4 қазандық  жұмыс режиміне қосылды.  Бір қазандық  резервте тұр. Қыс мезгілінде Павлодар қаласын жылумен қамтамасыз ету үшін  үш қазандық жеткілікті. Турбиналық жабдықтар бойынша біз үшінші турбинаны жоспарлы жөндеуден өткіздік, қазір екінші турбина  жөнделіп жатыр

Қаладағы 1-ші жылу энерго орталығында 7-ші және 8-ші  қазандық агрегаттары кеңейтілген - ағымдағы орташа жөндеуден өтті. Атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болған Роман Скляр жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Өткен қыста  қиындыққа тап болған Екібастұз қаласындағы  жағдай биыл қайталанбауы тиіс. ЖЭО-да кең ауқымды жөндеу жұмыстары қарқын алған.   Қолданыстағы он  қазандықтың сегізі    күрделі, екеуі   ағымдағы  жөндеуден өтті. Премьер –Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр: «атқарылған жұмыстар қаланы жылумен қамту сапасын арттыруы тиіс» - деді.

Роман Скляр Премьер-Министрдің бірінші орынбасары:

- Көп жылдық тәжірибеде станцияға  мұндай кең ауқымды жөндеу жұмыстары жасалмаған. Біз іс жүзінде жаңа жылу орталығын көріп отырмыз. Сыртынан қарағанда бәлкім ол байқала қоймас. Былтыр ақпан айының соңында ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеп,  орталық тиісті жылу параметрлерін бере алмады.  Енді осы жаңғыртудан кейін  жылу сапасы жақсаруы тиіс.

Олег Щемель, "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры:

- Негізгі жөндеу жабдықтарының жұмысынан кейін газ құбыры қазандықтарын қосалқы жабдықтау және түтін құбырын жөндеу бойынша  монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта № 3 түтін құбырын жөндеу мәресіне жетті. Газ құбырлары қазан айының 20-на дейін аяқталады. Бізге жүктелген барлық міндеттер орындалады.

Мамандардың айтуынша Екібастұз жылу энерго орталығы  80 пайыз  жаңарды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков