Қарағанды облысында болған шахтадағы апатқа жұмыс беруші кінәлі

Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында болған апатқа жұмыс беруші тарап 100 пайыз кінәлі.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов осылай деді. Үкіметтік комиссия қорытындысына сәйкес кеніштен өрескел техникалық ақаулар мен қателіктер табылған. Ең бастысы кеніште жақында ғана ауыстырылған ленталар «жанғыш» болыпты. Ал талап бойынша олар өртке төзімді болуы тиіс. Мұнан соң ленталы конвейрдің жылжыту механизмі дұрыс жұмыс істемей, қатты үйкеліс салдарынан өрт тұтанған. Сондай-ақ, шахтаның инженерлік-техникалық жағдайына өндірістік бақылау талапқа сай жүргізілмеген. Ленталы қондырғының еш сертификаты болмаған. Жұмыс беруші тарап техникалық қауіпсіздікке салғырт қараған.

Еске салсақ, 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында өрт шығып, 5 адам көз жұмған еді.  Қазір осы іске қатысы 28 адам анықталып тергеліп жатыр. Оның екеуі Үндістан азаматы. Олар басшылық қызметте болғаны белгілі. Өртенген ленталарды сатып алу бойынша келіссөздер жүргізгенде солар. Қалғаны Қазақстандық мамандар. Оларда компанияда аса жауапты салада қызмет атқарған.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Көмірдің биіктігі роликтен асып түскен. Сол себепті роликтер айналмай қалған кезде лентаға үйкеліп, сол жерде көмір биіктігі жоғары болғаннан жылу энергиясы көмірге беріліп сол жерден тұтанып жанған болатын. Көмір жанған соң әрі қарай лентада өртенген.