Әлем назары С5+1 саммитіне ауды

Өйткені дипломатиялық жиын биыл алғаш рет президенттер деңгейінде өтеді.

Саммитте ірі держава АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы стратегиялық ынтымақтастық, саяси қарым-қатынасты нығайтудың маңызды тетіктері талқыланады. Мемлекет басшылары көпжақты келісімге қол қояды.

Әлем елдерінде геосаяси жағдай күрделене түскен тұста саммиттің маңызы артып отыр. Өйткені С5+1– Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық пен нақты келісім орнайтын дипломатиялық платформа. Мұның аясында АҚШ, мемлекеттердің геосаяси, энергетикалық, көлік-логистикалық, сауда-экономикалық байланыстарын нығайтып, сын-қатерлерге төтеп беруге мүдделі.

C5+1 2015 жылдан бері ұйымдас­тырылып келеді. Самарқанда өткен алғашқы жиында аймақтық экономика және сауда, қоршаған ортаны қорғау мен жаңғырмалы энергия көздері бойынша жұмыс тобы құрылды. Ал 2016 жылы жүздесу АҚШ-та жалғасып, Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасты жақсартуға арналған көпжақты диалог алаңы «С5+1» форматы құрылды. Тағы бір жылдан кейін форматқа қатысушылар Ауғанстандағы тұрақтылықты қолдау мен   экономикалық қарым-қатынасты жақсартуға уағдаласты. 2018 жылы экономикалық ынты­мақ­тастықты жандандыру мәселесі сөз болды.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Ал 2020 жылы жүздесу Қазақстанда өтті. Тараптар Орталық Азиядағы интеграциялық байланысты жақсарту және қауіп-қатердің алдын алу жөнінде сөз байласты. Дәл сол жылы 2 ақпанда Помпео Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Астанада кездесті.  Кездесу барысында Помпео бес елге Қытайға тым тәуелді болмауды ескертті, олардың бизнес жүргізу және несие беру тәжірибесін сынға алды.

Орталық Азия – әлемнің маңызды бөлігі, ал Қазақстан – Орталық Азиядағы ірі мемлекеттің бірі. Сондықтан АҚШ-Қазақстан қарым-қатынасын нығайту экономикалық тұрғыдан басымдыққа ие. С5+1 еліміздің сыртқы саясатына тың серпін береді, сауда өсімі артады. Мәселен, былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы   сауда көлемі 37,2 пайызға өсіп, 3 млрд долларға жуықтаған. Соңғы 30 жылда АҚШ тарапынан Қазақстанға бағытталған тікелей инвестиция 62 миллиард долларға таяу. Мұнан бөлек, қос ел арасындағы дипломатиялық байланыс тереңдей түсті.

Сарапшылардың пайымынша, бұл жолғы саммитте Орталық Азияның энергетикалық ресурстары мен транзиттік әлеуетінің артуына мүмкіндік туады. Түптеп келгенде, С5+1 форматы аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіз дамуына қажет. Байланыс бекіп, қатынас нығайған сайын, платформаның тиімділігі де арта түспек. Сол себепті саммиттің салмағы басым, маңызы зор.