Қызылордалық қолөнер шебері ескі жәдігерлерді жаңғыртып жүр
Қызылордалық қолөнер шебері ескі жәдігерлерді жаңғыртып, ұлттық өнерді дәріптеп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».
35 жылдан бері осы іспен айналысады. Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Жәнібек Асанұлының туындылары Американың Аризона штатында, Канаданың Кальгари, Лондон және Мәскеу қалаларында көрмеге қойылған.
Жәнібек Маханбет тек табиғи таза материалдарды пайдаланғанды жөн көреді. Сәбидің емізігін ағаштан, бесік шүмегін сүйектен жасайтыны сондықтан. Шебер ағаш кесу-тесу қондырғысын және түрлі-түсті бояу қолданбайды. Ұстаның кездікпен ойылған бұйымдары сол себепті өнер сүйер қауым арасында құнды және эксклюзивті. Өмірінің мектептен кейінгі белесінде механизатор, клуб меңгерушісі және тарих пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарған Жәнібек Маханбет бала күнгі қызығушылығы болған ағаш ою ісіне 37 жасында қайта оралады. Содан бері көз майын тауысып әзірлеген жүздеген туындысы шартарапқа жайылды.
Жәнібек Маханбет, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:
- «Сыр елі» бұның да тақырыбы соған келеді. Мінекей, астындағы көзе, одан кейін өзімізде мекендеген барыс. Қошқардың мүйізіне қобызды беріп отырмыз. Басқа қобыздарға қарағанда бұл қобыздың өзіндік өзгешелігі, түрлендіріп беріп отырмыз. Доңыз қауға дейміз. Кезінде жолбарысты үркіту үшін халықтардың өздері қолдан жасалынған. Мына жағы – шикі көн, мынау – жылқының қылы, мынау ішінде қолғабы бар. Осымен тартқанда дауысы өте қатты шығып тұрады.
Тарихшы педагог, кескіндемеші, рестовратор шебердің бесаспап қолынан шыққан дүниелер аудандық даңқ музейінен бөлек, облыстық көркемсурет галереясының құнды экспонаттары болып саналады.
Айжан Тасенова, галерея қызметкері:
- Жалпы көркемсурет галереясы қорында 800-ден астам туынды сақталған. Ол кісінің жұмыстарының ерекшелігі, ива ағашынан жасалған. Бұл кісі қазақ халқының ежелден қолөнер шеберлерінің ізін жалғастырушы және халыққа насихаттаушы болып табылады. Көркемсурет галереясына ол кісі келіп, студенттерге, оқушыларға үнемі шеберлік сабағын өткізіп, халық арасында кеңінен насихаттап жүр.
Жасы 75-тен асқан шебер ағаш ұсталығын мектеп бағдарламасына енгізіп, еңбек сабағында оқушылардың қолөнермен шұғылдануына мүмкіндік жасалғанын қалайды. Сонда ұлттық өнерді жалғаушылармен қатар дайын кәсіп иелері шоғырын қалыптастырамыз дейді, - еңбек адамы.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев.