Самат Нұртаза: Биогаз алатын жобаларды іске асыру қажет

Тұрмыстық қатты қалдықтардан биогаз алатын жобаларды іске асыру қажет.

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза депутаттық сауал жолдап, осылай деді. Оның айтуынша, қалдықтарды кәдеге жарату үшін бірқатар шараларды қолға алу қажет. Елде 3 мыңнан астам қатты қалдық полигоны тіркелген. Алайда оның 21% ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай. Бұған елдегі 5000-нан асатын стихиялық қоқыс үйінділері кірмейді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сүйенсек, республикада жыл сайын 4 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық түзіледі. Былтыр оның 25%-і қайта өңделген.

Сондай-ақ депутат салалық министрлікке бағынатын «EcoQoldau» ақпараттық жүйесінің әлі күнге дейін жұмыс істемей тұрғанын тілге тиек етті. Мәжілісмен жергілікті билік жаңа полигон салып және бұрынғы орындардың жағдайын жөндеуге қаражат қарастыруы қажет деді.

Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- ЕcoQoldau цифрлық платформасы арқылы қайталама шикізатты жинау мен өңдеуді субсидиялауға қатысты өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі операторының жұмысы қайта басталсын. Экологиялық, санитариялық және құрылыс нормаларын ескеретін тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салудың бірыңғай қағидалары әзірленсін. Жергілікті атқарушы органдарға жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салуға және бұрыннан бар полигондардың жағдайын талапқа сәйкес келтіруге қаражат бөлініп, инвестициялар тартылсын. Тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі мен полигондар санының деректерін жинау мен өңдеудің бірыңғай және дұрыс есебі әзірленсін. Электр энергиясы мен биогумус (биологиялық шірінді) алу, кәдеге жарату үшін тұрмыстық қатты қалдықтардан биогаз алу саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар қолға алынсын.