Өскеменнің қоймаларында 130 мың тонна көмір жатыр
Әлеуметтік бағамен сатылатын отынды алуға жұрт асығар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жауын-шашын көбейген сайын көмір ылғалданып, салмағы ауырлайды, - дейді мамандар. Сондықтан тұрғындар қыстың қамына кіріссе дейді. Әйтпесе, жылыту маусымында жылдағыдай кезек болары анық.
Қалалықтардан гөрі ауылдықтар ширақ. Жеңіл көлікке тіркеме тіркеп алып, көмір тиеп жүр. Өйткені шалғай жерде отынның бір тоннасы 25 мың теңгеден асып кетеді. Ал шаһар жұрты асығар емес. Олег Фролов әлеуметтік бағадағы көмірге жауапты. Айтуынша, осы санатқа жататын 6500 отбасының тек 2500 ғана арзан көмір алып үлгерген.
Олег Фролов, әлеуметтік көмір тасымалдаушы:
- Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арзан бағамен бөлінген көмірді толық таратып біте алмай отырмыз. 4 мыңға жуық отбасы әлі алған жоқ. Ал күн суып кетсе, барлығы жаппай келеді. Сондықтан ертерек қамданса, бәрімізге жақсы болар еді.
Қоймаларға көмір үздіксіз жеткізіліп жатыр. Алайда қазір күн райы қолайсыз. Жауын-шашын көп. Яғни, отынның салмағы көбейе түседі. Сондықтан тұтынушылардың неғұрым тездеткені дұрыс, - дейді мұндағылар.
Мансұр Бекбауов, көмір қоймасының директоры:
- Қазір күнінде бізде 10 вагон күнде кеп отыр, көмір бар, қазіргі сапасы жақсы, сондықтан халықты көмір алып алуға шақырамыз.
Жеке сектордағы жұрт осылай баяу қимылдап, көмір алуға асықпаса, қазан айында қойма басында кезек түзіліп, қарбалас болуы әбден мүмкін. Ондай жағдай талай рет болған. Келеңсіздіктің алдын алу үшін Өскеменде көмір бағасы өзгермейтін болды, жазғы баға тұрақты болады.
Ирина Смит, қала әкімінің орынбасары:
- Шілде айынан бастап бізде көмірдің бір тоннасы – 14 мың теңге. Әлеуметтік санатқа 500 теңгеге арзан. Жалпы Өскеменге көмірдің қажетті көлемі 200 мың тоннадан асады.
Осы айдың басында облыстағы қоймаларға жалпы 13 мың тонна көмір жеткізіліпті. Күзгі-көктемгі кезеңге шамамен 3 миллион тоннадан астам отын қажет, - дейді мамандар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.