Ақтөбе облысында тарыға орақ түсті
Ақтөбе облысында тары еккен шаруалар өнімін жинап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Орташа түсім гектарынан 10 центнерді құрайды. 6 жыл бұрын тары алқабының жалпы аумағы 7 мың гектар болса, биыл 2 есеге азайған. Негізгі себеп – жаздағы қуаңшылық. Ақ тарының атасы атанған Шығанақ Берсиевтің туған жері Ойыл ауданында 4 қожалықтың үшеуі биыл өнімсыз қалды. Тек суармалы технология қолданған шарушылық қана 50 гектарға тары еккен.
Құсайын Сәрсенбай, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Ең көп егетіні – Қарғалы ауданында, Мәртөкте бар, Қобда, Мұғалжар, Алға аудандарында шағын-шағын көлемдер бар. Оны біз Ақтөбенің бренді есебінде жоғалтқымыз келмейді. Бірақ шаруалар қазір өздеріне тиімді жағына қарай бұрылып кетеді ғой. Себебі олар – жеке кәсіпкер. Біз мүмкіндігінше азайтпауға тырысып жатырмыз. Қазір енді суармалы жерлерді қоссақ, Ойыл ауданының өзінде бірнеше суармалы жерлерді қосып жатырмыз.