Ақтөбе облысында ауылды көркейтуге ₸153 млрд жұмсалады

Ақтөбе облысының аудан орталықтарында жеке тұрғын үй құрылысы қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жер теліміне сұраныс артқан. Байғанин ауданының әкімшілік орталығы – Қарауылкелді ауылында мыңнан астам учаске әзірленіп жатыр. «Болашақ» аталған жаңа шағын ауданға қазір коммуналдық желі тартылып жатыр.

Байғанин ауданында жер телімі кезегінде 731 адам бар. Бұл тізім жыл соңына дейін 7 есе азаюы тиіс. Себебі Болашақ шағын ауданында белгіленген мыңнан астам учаскенің 687-і дайын болады. Қазір мұнда электр бағандары орнатылып, газ бен ауыз су құбырлары тартылып жатыр.

Болатбек Қонаров, Байғанин аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

- Болашақ ықшам ауданы жалпы 1007 учаскеден тұрады. Бұл жерде және де 11 әлеуметтік нысанға жер учаскелері қарастырылған. Электр, газ және су желісімен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаражаттар бөлінді. Жұмыстар сәуір айында басталды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тапсыру көзделіп отыр.

Кезекте ауылішілік жол құрылысы. Аудан орталығындағы көшелердің жалпы ұзындығы 50 шақырымға жуық. Оның тең жартысында асфальт бар. Биыл қосымша тағы 4 шақырым төселді. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 600 млн теңге қаржы бөлінген. Жаяу жүргіншілерге де тротуар салынып жатыр.

Мекемтас Сейітқазин, Байғанин аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Бармақ батыр көшесінен жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың құрылысы жүргізіліп жатыр қазіргі таңда. Осы 2023 жылдың шілде айында басталды. Қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Өндірістік кесетеге сай қазір жұмыстары толық жүргізіліп жатыр.

Биыл облыстың 9 ауданына қарасты 12 ауылда газ құбыры құрылысы қолға алынған. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 32 елді мекенде инженерлік желілер салынып жатыр.

Алмат Махай, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда ауылдарды және елді мекендерді газбен қамту жұмыстары облыста қарқынды жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты газбен қамту деңгейі 94,4%-ті құраса, сумен қамту 99,7%-ті құрайтын болады.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл Ақтөбе облысына қарасты аудандардың инженерлік желілері мен инфрақұрылымын жаңартуға 153 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 44 млрд теңге жол құрылысына жұмсалады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.