Қатерлі ісікті емдейтін ультрадыбыстық тәсіл

Елімізде қатерлі ісік дес бермей барады.

Соңғы 20 жылда ауру қарқыны 25 пайызға артқан. Жыл сайын онкологиядан 13 мың адам көз жұмады. Алайда, ультрадыбыспен жаман аурудың бетін қайтаруға болады екен. Отандық дәрігер Нұрлан Хамзабаев жаңа технология арқылы мың жарымнан астам адамды дертінен емдеп шығарған. 

Елордалық Олег Долгихқа дәрігерлер осыдан 13 жыл бұрын простата обыры диагнозын қойыпты. Ауруын өткізіп алған ол алғашқылардың бірі болып жаңа әдістеме бойынша емделген. Қазір дерттің ізі де қалмағанын айтады.

Олег Долгих, қала тұрғыны:

- Басында әрине оңай болған жоқ. Жетінші сеанстан кейін бәрі қалыпқа келе бастады. Мен жалпы саны 12 рет ем-шара алдым. Қазір жағдайым жақсы. Тіпті бүгін ғана өзім бау-бақшада жиын-терім жасап келдім. Ауру мазаламайды.

Онколог Нұрлан Хамзабаев обырды емдеудің ерекше әдісін қолданады. Ол тың технология арқылы жүздеген адамның ауруына шипа болған. Әзірге елімізде HIFU терапиясын меңгерген жалғыз маман болып тұр. Заманауи құрылғының көмегімен емдеу тәсілі Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінде ғана қолданыста бар.

Нұрлан Хамзабаев, онколог:

- Емдеудің жоғары технологиялық әдісі. Науқастар емханаға жатпайды, үйден келеді. Ол өте керек нәрсе. Ешқандай анестезия, сәуле, химиотерапия жоқ. Кейде хирургтармен науқасқа стенд қою үшін келісеміз. Бірақ ол кай фу терапиясына кедергі келтірмейді. 1 сеанс 40 минут 1 сағат аралығында өтеді.

Қазақстандық бір ғана аппарат болмайды, ол өте аз. Науқастардың 99% бізге келе алмауының себебі, квота мен кезекті күтіп қалуында. Науқастарды емдеуге квота жағынан үкімет төлеу керек. Соған қазір үлкен жұмыс жасайын деп жатырмыз.

Шетелде мұндай пышақсыз операцияның құны 100 мың еуроға дейін барады. Амалы таусылған отандастарымыз осы әдісті іздеп талай шет ел асқан. Онкологтың айтуынша, енді өзіміздің елде квота бойынша емделуге мүмкіндік қарастырылып жатыр.  

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Хайфу деп аталатын мына құрылғы қатерлі ісіктің 4 сатысын пышақсыз емдейді екен. Яғни ультра дыбыс арқылы метастазға өтіп кеткен ісікті дәлдікпен күйдіреді.

Онкологияны емдеудің тың әдісін отандық және шетелдік ғалымдар да мойындап отыр. 

Серік Ақшолақов, медицина ғылымдарының докторы:

- Бұл онкологиялық ауруларды емдеудің жоғары технологиялық әдісі. Профессор Хамзабаевтың күш-жігері мен кәсіби қызметінің арқасында бұл әдіс біздің елімізде де қолданыла бастады. Бүгінде бұл технологияға бірқатар ел қызығушылық танытып отыр. Қазақстанда 1000-нан астам адам емделіп, жақсы нәтиже көрсеткен.

Обыр дертінің дендеп бара жатқанын статистикалық деректерге сүйеніп қарауға болады. Елімізде жыл сайын 37 мыңнан астам адамнан жаңа қатерлі ісік анықталады. Өкінішке қарай олардың 13 мыңнан астамы дүние салады. Қазірдің өзінде 200 мыңнан астам адам осы дертпен тіркеуде тұр. Осы тұста онкологтар аты жаман аурудың алдын алу үшін жаңа технологияларға барынша ашық болуымыз керек деп отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев