ШҚО-да жас құтқарушыларға арналған сайыс өтті
Шығысқазақстандық оқушылар ну орманның ішінен адаспай шыға ала ма?
Жеткіншектер экстремалды жағдайда ширақ шешім қабылдауға дайын ба? Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары осындай сұрақтарға іс жүзінде жауап іздеп көрді. Жас құтқарушыларға арналған сайыста өлкедегі ең мықты команда анықталды. Мектеп оқушылары бұл жолы Таулы Үлбі маңында түрлі жарысқа қатысып, тәжірибелерін шыңдады.
Оқушылар жылы да жайлы сыныпты бір күнге ұмытты. Таулы Үлбінің салқын ауа райына қарамастан берілген тапсырмалар оңай болмады.
14-15 жастағы жеткіншектер ну орманнан адаспай шығып командамен жемісті жұмыс істеудің әдісін табу керек. Зардап шеккен адам болса медициналық көмек те көрсете білу маңызды. Қысқасы басты міндет - кез келген өзгерісте тез, әрі сауатты шешім қабылдай білу. Тарбағатай ауданынан келген оқушылар осы сайысқа үздіксіз бір ай бойы дайындалыпты.
Нұржан Болатұлы, жаттықтырушы:
- Бізде енді арнайы снаружение жоқ болса да ауылдық жағдайда қолымыздан келгенше жасап, барынша көмектесіп бірімізге,дайындалып келдік, көріп тұрғандай енді бәрі жақсы.
Осы жерде ептілігімен, әрі қайсарлығымен көзге түскендердің бірі - Инабат Түсіпханова. Ауыр тапсырмалардың біреуінен де бас тартқан жоқ.
Инабат Түсіпханова, сайысқа қатысушы:
- Өте қиын болды.Басында ойлағанбыз оңай деп, көзбен көргенде оңай сияқты көрінеді бірақ бәрібір де қиын екен,бірақ жеңіс біздің қолда.
Оқушыларға әсіресе үйінді астында қалған адамды құтқару және кедергілермен жүріп өту кезеңдері күрделі болды. Алайда істегені бізге, үйренгені өздеріне жақсы дейді, кәсіби құтқарушылар.
Жадыра Аманғалиқызы, ТЖД бас маманы:
- Биылғы жарыстың ерекшелігі техногенді авария жағдайында мысалы адамды адамға қалай көмектесу керек,үйінді астында қалғанда, қала аман алып шығу керек және оған ең алғашқы көмек көрсету дағдыларын, үйренді.
Алты ауданнан жиналған 50 оқушының әзірлігі жоғары бағаланды. Алғашқы үштікке Алтай, Риддер, Өскемен қаласының командалары тұрақтады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин