Қарқаралыда жаңбырдан соң саңырауқұлақ қаптады

Қарқаралыда биылғы күз жаңбырлы болып тұр.

Бұл әрине қысқы азығын қамдайтын шаруалар үшін тиімсіз. Алайда орманға демалуға келген туристер олжаға кенелді. Биыл мұнда бұрын-соңды кездеспеген саңырауқұлақтың сан түрі өскен.

Сейіл Тышқанбаевтың достарымен бірге орманда саңырауқұлақ теріп жатқанынан он күннен асқан. 220 шақырым қашықтағы Қарағанды қаласынан арнайы келіпті. Әдетте 1-2 күн аялдайтын олар бұл жолы мол өнімге қарық болып, кері қайта алмай жатыр.

Сейіл Тышқанбаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Мынау лисичка, мынау ең жақсы груздь, бұл жердің астында өседі. Мынау саңырауқұлақ масленок дейді, сосын подберезовик, подосиновик деген саңырауқұлақтар, енді астында қалып қойды, соның бәрін жинаймыз. 

Жер бетінде 250 мыңға жуық саңырауқұлақтың түрі болса, биыл Қарқаралы орманында соның біразы шыққан. Мамандар бұл бұрын-соңды болмаған құбылыс, - дейді.

«Соңғы үш апта бойы Қарқаралыда жаңбыр толассыз жауып тұр. Ылғал көп болған соң саңырауқұлақ та қаулап өскен. Өңірге туристердің дәл осы күз айында көптеп келуі де сондықтан», - дейді мамандар.

Ұлттық табиғи парк мамандарының дерегінше жыл басынан бері Қарқаралыға келген туристер саны 30 мыңнан асқан. Былтырға қарағанда 30 процентке артық. Дегенмен бұл ресми мәлімет. Тіркелмей өтіп жатқан жұрт одан да көп.

Медеу Разақов, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы:

- Ол енді тек бақылау-өткізу пункттері бойынша өткендер. Ал енді оған қаралмай тауға кіргендері қаншама, оның бәрін есептеу мүмкін емес. Қарағанды қаласының басына, Теміртау қаласынан көп келеді. Олар үйренген жылда. Биыл саңырауқұлақтың барлық түрі өскен шығар деп ойлаймын. 

Ұлттық табиғи парк мамандары келешекте сұраныс көп болса, арнайы саңырауқұлақ турын ұйымдастыруды ойластырып отыр. Биыл олар демалушыларға ыңғайлы болу үшін туристік маршруттар санын 12-ден 4-ке дейін қысқартқан.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар