«Ауыл аманаты»: Ақтөбе облысында 1500 адам кәсіп ашты

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1500 адам кәсіп ашқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шикізат өңдеп, нарыққа дайын тауар шығаратындар артты. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы тұрақты табыс көзіне айналып келеді. Мысалы, бір ғана Байғанин ауданының өзінде жыл басынан бері 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылды.

Жанар Нұртазина жұбайымен бірге жылыжай салып жатыр. Құрылысқа қажет қаржыға «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қол жеткізген. Тұқым сеуіп, бақшаның қабырғасы мен шатырын жауып қойыпты.  

Жанар Нұртазина, Қарауылкелді ауылының тұрғыны:

- Жолдасым екеуміз. Осының барлығын қолдан істеді. Мына поликарбонатты Ақтөбеден әкелдік. Қалған материалдық барлығын осы жерде шаруа қожалықтарымен келісіп, алып келіп, барлығын өзі қолмен жасады. Енді жылу жүйесі қалды. Қалғанына осылай етіп егіп, пайдаланып жатырмыз.

Қиярдан бөлек, аскөк пен құлпынай отырғызуды да жоспарлап отыр. Жаңа жылға дейін өнім алып, саудаламақ. Қазір Қарауылкелді ауылында балауса көкөніске сұраныс бар. Ал жылыжай нысандары аудан көлемінде тапшы. Мемлекеттік бағдарлама қолдауымен биыл 9 кәсіпкер өсімдік шаруашылығын дамытуға ниет білдірген. 

Асхат Аманжолов, Байғанин аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Басында пилоттық жоба негізінде 2 ауылдық округ, Көлтабан және Қызылбұлақ ауылдық округтері жұмысын бастаған болатын. Қазіргі таңда аудан бойынша барлық 9 округте жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы жобаны алу бойынша тұрғындарды несие алуға дейінгі құжаттамалық сүйемелдеу ауылдық округ мамандарына жүктелген болатын.

Жоба аясында аудан тұрғындарына 204 млн теңге бөлінді. 53 адам жаңа кәсіпті дөңгелетіп отыр. Жалпы облыс аумағында жыл басынан бері 5 млрд 11 млн теңге болатын 1500-нан астам бизнес бастамаға қолдау көрсетілді. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.