Депутат дін істері басқармаларын қайта құруды ұсынды
Өңірлерде дін істері басқармаларын бөлек басқарма ретінде қайта ашып, олардың кадрлық әлеуетін күшейту керек.
Бұл туралы Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында мәлімдеді. Сенатордың айтуынша, елімізде азаматтарды теріс ағымдардан арашалап алатын сауатты теологтар мен имамдар да тапшы. Себебі Қазақстанда имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет жұмыс жасайды. «Қазір дінге қызығушылардың орташа жасы, жасарып келеді. Жастардың 75 пайызы дін туралы ақпаратты интернет ресурстарынан алып отыр. Ал деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін оңтайлы пайдаланып отыр», - дейді ол. Депутат қолданыстағы заңнаманы шұғыл жетілдіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауды күшейту қажеттігін айтты.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Діни орталықтарды, діни басқармаларды, жастар ресурстық орталықтарының әлеуеттерін арттырып, қаржылай мүмкіндіктерін кеңейтуді, сосын мына шет мемлекеттерден өз бетінше білім алып келіп жатқан азаматтардың осы дәстүрлі дінімізге сәйкестігі, олардың ұстанымдары қандай болады, оларды тиісті деңгейде аттестациялау мәселелерін де ұсынып жатырмыз.