Елімізде жас діндер көшбасшылары форумы өтеді

Елімізде жас діндер лидерлері форумы өтеді.

Алқалы жиынды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясында өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Бетпе-бет» бағдарламасында мәлімдеді. Сенат спикерінің айтуынша, бұл алда Астанада өтетін Съезд Хатшылығының негізгі талқылау бөлігінің бірі болмақ. Шараға қатысушылар түрлі жаһандық мәселелерді көтереді. Климаттың өзгеруі, кедейлік, радикализммен күрес сынды тақырыптарды талқыға салады.

Айта кетерлігі, биыл бірінші съездің өткеніне 20 жыл. Осы уақыт ішінде алаң дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайтуға арналған халықаралық платформаға айналды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Айтулы шараға жастарды көбірек тарту жоспарда бар. Съезд шеңберінде жас діндер көшбасшылары форумдарын өткізу көзделіп отыр. Көшбасшылардың келер ұрпағы да жақсы қарым-қатынас жасап, жаһандық проблемаларды шешуге ықпал етуі тиіс. Ол үшін бірқатар зерттеулер жасалмақ. Әлемнің рухани орталықтарында дөңгелек үстелдер өткізуді жалғастырамыз. 

Елімізге 11 қазанда Ватикан, Израиль және Пәкістаннан 20 делегация келмек. Олар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының 21-ші отырысына қатысады. Жиын аясында алдағы 10 жылға арналған дәстүрлі съезді дамыту тұжырымдамасы талқыланады.

Жанар Қасымова, Н. Назарбаев орталығының департамент директоры:

- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы диалог өзара ынтымақтастыққа жол ашады. Сондай-ақ әлемді алаңдатқан бірқатар мәселелердің шешу жолдарын қарастырады. Бүгінде бейбітшілік, толеранттық, ұлты мен нәсіліне қарамастан жалпы адамзаттың ортақ құндылықтарын дәріптеу өте маңызды болып отыр.