Орнықты даму бойынша комиссияның отырысы өтті
Қазақстанның темекі тұтынуға қарсы шаралары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бөлігі үшін үлгі.
Ұйымның біздің елдегі өкілі Скендер Сыла осылай дейді. Оның айтуынша, қазақ елі ұстанған қағидат халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының денсаулығын жақсартуға және теңсіздікті азайтуға жол ашады. Халықты сапалы медицинамен және біліммен қамтамасыз ету мәселелері бүгін парламенттік комиссия отырысында талқыланды. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен кездесуде осы салаларға қатысты ұсыныстар айтылып, ортақ мақсаттар айқындалды. Бұл еліміздің Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізетін парламенттік комиссияның екінші отырысы.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 78-сессиясында президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына мүдделі екенін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы еліміз үшін аталған мақсаттарға қол жеткізу, ұлттық басымдыққа ие екенін де айтты. Сондықтан Парламент Үкіметпен, азаматтық және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс жүргізеді. Парламенттік комиссия дәл осы мақсатпен құрылды.