Шымкентте өрт сөндіру депосының құрылысы қайта жанданды
Бюджет қаржысы уақытылы бөлінгенімен, бастапқы мердігер құрылысты аяқтай алмады.
Сондықтан арадағы келісімшарт бұзылып, қайтадан тендер жарияланған. Оны жаңа мердігер ұтып алды. Бүгінге дейін бюджеттен бөлінген 503 миллион теңгенің 362 млн-ы игерілген. Жаңа ғимаратта қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс компаниясы нысанды 3 айдың ішінде тапсыруы тиіс.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылары қаланың орталығында бұл депоның қажет екенін айтады. Себебі өрт сөндіру көліктері басқа бөлімшелерден қатынап жүр. Өрт қауіпі жоғарылаған мезгілде күніне 25 шақырту болады. Қалада бұдан өзге тағы 2 депо пайдалануға беріледі. Әкімшілік және іскерлік орталығындағы жаңа нысанның құрылысы аяқталды. Жақында жұмысын бастайды. Сондай-ақ «Сайрам» ықшам ауданында 4 өрт сөндіру көлігіне арналған тағы бір депо салынып жатыр.
Жанәділ Айтбеков, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- «Шымкент құрылыс» ЖШС есепшоттары бұғатталуына байланысты, яғни толық жабылуына байланысты бұл объектіні ары қарай қаржыландыруға мүмкіндік болмады. Талапқа сәйкес біз қалған жұмыстарды аяқтау үшін 164 млн теңгеге конскурсқа шығардық. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Қараша айының 15-інде аяқтаймыз.