Дін көшбасшылары Астанадағы жиында бірқатар ұсыныс айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі діндер өкілдеріне үндеу жолдап, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды екенін айтты.
Дін көшбасшылары бүгін елордаға жиналып, дөңгелек үстелде бас қосты. Жиынға жаһанды жайлаған алауыздық мәселесі арқау болды. Әлемді бірлікке шақыруға үндейтін бірқатар ұсыныстар айтылды. Алдағы 10 жылдықтағы съезд жұмысын айқындайтын тұжырымдама талқыланды.
Әлемдік дәстүрлі дін көшбасшылары бас қосты
Жаһан жік-жікке бөлініп барады. Тыныштық һәм бейбітшілік құндылықтары аяқ асты болып, өркениеттің іргесі сөгілудің алдында тұр. Сол үшін дәстүрлі дін көшбасшылары елордада бас қосты. Олардың діні де, ділі де, сенімі де бөлек. Бірақ мақсат мен мүддесі бір.
Президент үндеуі
Биыл – съездің мерейтойы. Әлемдік бірлікке үндейтін бірегей алаңның құрылғанын 20 жыл. Мемлекет басшысы отырысқа қатысушыларды атаулы датамен құттықтап, үндеу жолдады. Президенттің пейілін Съезд Хатшылығының төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатерлеп күшейіп тұр. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады.
Діндер съезі бейбітшілікке үндейді
Расымен, дін дос болса, әлем тату болады. Қазір кей саяси қақтығыстар діни сипат ала бастады. Ал дәл осы сенім иелерін бірлікке шақыру жағынан Астанадағы бас қосудың бәсі жоғары. Мұны жиынға қатысушылар да жоғары бағалап отыр.
Назир Мұхаммед Әл-Назир Аяд, Әл-Азхар исламтану академиясының бас хатшысы:
- Біз бейбітшілікті сақтап, соғысты тоқтату үшін батыл қадамға дайын болуымыз керек. Бұл тұрғыда дін, оның ішінде дін көшбасшылары үлкен рөл атқарады. Оның қазіргі ахуалы тіпті ауыр бола түсті. Әлемге ынтымақ мен әділдік керек. Мен осы кездесуді ұйымдастырған Қазақстан мен оның Президентіне алғысымды айтқым келеді. Жаһанға бейбітшілік пен келісімді белсенді түрде насихаттап жүргендеріңіз үшін рақмет.
Иә, қазіргі жағдай оңай емес. Отырыстың негізгі мақсаты – ортақ шешім тауып, мәмілеге келу.
Жоель Адлер, Израильдің бас Ашкенази раввинінің өкілі:
- Съездің маңызы күннен күнге артып келеді. Бұл – дін жетекшілерінің басын қосуға арналған айрықша алаң. Осы сәтті пайдаланып, өз елімде болып жатқан жағдайға тоқталғым келеді. Ешбір дін қатыгездікті, озбырлықты қолдамайды. Түптің түбінде әлемде бейбітшілік орнайтынына сенімдімін. Осы ізгі амалды жаһанға таратайық.
Бекзат Аманов, тілші:
- Съезд Хатшылығының биылғы отырысына 22 елден 28 делегация келіп, қатысты. Барлық дәстүрлі дін өкілдері бір үстелге отырып, әлемнің қазіргі ахуалын талқылады. Бірқатар ұсыныс та болды. Соның бірі – съезге ізгі ниетті елшілер институтын енгізу.
Бұл ұсыныс Қасым-Жомарт Тоқаев «2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында» айтылған. Ізгі нетті елшілер әлемді аралап, бейбітшікті ту етеді. Құжатта конгрестің миссиясын кеңейтіп, кедейлік, теңсіздік, ыдыраумен күресу жайлы да жазылған.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- Бұл – стратегиялық құжат. Концепцияның ең негізгі мақсаты – сьездің алғашқы 10 жылдағы жоспары. Нақты тетіктері және оның бағдары. Мұндай диалог алаңдар – ең алдымен, бейбітшілік жолдарының тетіктері. Алаң ретінде бір-бірін тыңдап, естіп көмектесіп, ортақ шешім тауып бір мәмілеге келу үшін арналған.
Одан бөлек, жиынға жастар, әйелдер және мүмкіндігі шектеулі адамдарды кеңінен тарту көзделіп отыр. Жас діни көшбасшылар форумын өткізіп, зерттеу және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық артады. Жиынға қатысушылар Президент бастамашылық жасаған тұжырымдаманы жан-жақты талқылады.
Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров.