Жезқазғандық шебер ұлттық киімді заманға сай түрлендірген

Жезқазғандық қолөнерші Сәбира Өткелова  ұлттық үлгідегі бас киімдерді күнделікті өмірде киюге ыңғайлы етіп тігудің жолын тапты.

Ол ұзақ жылғы зерттеу нәтижесінде пішіндеу, безендіру бойынша бірнеше әдісті қолданысқа енгізген. Шебердің қолынан шыққан дүниелер сұранысқа ие.

Сәбира Өткелова бала жасынан тігіншілікке үйір болып өскен. Жезқазған университетін тәмамдаған ол бұл істі 40 жыл бұрын қолға алған. «Өйткені қазақ қыздарының киімінде көшпелі ұлттың қатпарлы тарихы қатталып жатқандай» дейді. Кейінен көпшілік сұранысына орай сол бас киімдерді өзі де тіге бастады. Қолөнерші шағын ғана баспанасын шеберханаға айналдырған. Қазір ол қыз-келіншектердің жасына байланысты киетін бас киімдерінің 20-ға жуық түрін тігеді.

Сәбира Өткелова, қолөнер шебері:

- Мысалы мына жерде шашбау деген, өңіржиек деген болған. Оның бәрі анау қыз баланың даладан келе жатқанда шашбауының шылдырлап келе жатқанына қарап оның мінезіне дейін білген. Одан кейін сәукеле. Оны бірінші күйеуге шығар алдында шешесі өз қолымен тігіп апарған. Содан кейін балалы болғанда кимешек киген.

Ұлттық киімдерді мерекеде ғана іздейтін кездер де болған. Ал, қазір керісінше. Сәні мен салтанаты жарасқан этностильдегі бас киімдерге сұраныс артқанын айтады қолөнер шебері. Сондықтан, анасынан дарыған өнерге немерелерін баулып жүр.

Сәбира Өткелова, қолөнер шебері:

- Менің миссиям балаларды біздің қазақтың қыз балаларын қазақтың қолөнерін, киіп жүретін киімдерін тігуге үйрету. Өзімнің немерелірімнен үміт күтемін. Мынаны істейік пе, бүгін мынадай ою ояйық па деп жүгіріп келгенде өзім қуанып қаламын.

Қыз-келіншектердің бас киімдері көбіне әшекеймен көмкеріледі. Қолөнерші «бұл жерде де ескере кететін бір жәйт бар» дейді. Әйел жасына орай бас киімдегі әшекей көлемі де өзгеріп отыруы тиіс. Сәбира Өткелова ұзақ жылғы зерттеу нәтижесінде бас киімдерді пішіндеу, безендіру бойынша бірнеше әдісті қолданысқа енгізген. Жезқазған музейінде жұмыс істейтін ол арнайы шеберлік сағатын өткізіп тұрады. Онда кейінгі буынға ұлттық бас киімдер тігумен қатар олардың тарихы жайлы дәріс береді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева