Астанада жасанды интеллект жайлы жастар дебаты өтті
Астанадағы Достық үйінде жастар арасында дебат өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Ел бірлігі» тақырыбындағы пікірсайыс, Ассамблеяның ұйымдастыруымен бірінші рет өтіп жатыр. Қатысушылар жасанды интеллектіден келетін қауіп қатер мен нейрожелілерді қаржыландыру тақырыптарында дебат өткізді.
«Жасанды интеллект өздігінен шешім қабылдаса, киберқылмыстардың көбеюіне әкелуі мүмкін. Бірақ оны жазалап, шектей алмаймыз». Осы сынды соңғы технологиялық өзгерістер қызу пікірсайысқа негіз болды. Еліміздің әр өңірінен Астанаға жиналған жастар университеттерде нейрожелі бағытын қаржыландыру жайында да дебат өткізді. Турнирде пікірсайыстың түрлі форматы қолданылды.
Бек-Мұхамед Жаукебаев, Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті:
- Турнирімізде америкалық формат, британдық формат және президенттік формат. Онымен қоса біздің турниріміздің ерекшелігі, барлық ойыншылар, спикерлер бірінші күні Сенат залына барып, сол жақта спикерлермен кездесу ұйымдастырғымыз келді. 20 аймақтан 40 адам ойнайды. 10 адам төрелік етеді.
Бұл дебаттың тағы бір ерекшелігі, әр 20 команданың бір өкілі міндетті түрде басқа этностан болу керек. «Біз бір халық, бір мүдде, бір мақсат болатындай ұлтқа айналуымыз керек», - дейді Ассамблея өкілі.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Осындай іс шаралар жастарымыздың ой-өрісін, «жалпы мемлекетіміз үшін мен не істей аламын? Өз мемлекетімді гүлдендіру үшін, жалпы дамыту үшін біз қандай тетіктерді пайдаланамыз?» деген сияқты құралдарды өздерінің бойларына салатыны сөзсіз.
Жарыс жеңімпазы жарты миллион теңге алады. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының кубогын иеленеді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ерлан Наурызбаев, Аружан Шуақбай.