Павлодар облысында орманшылар әулеті тұрады

Павлодар облысында еңбек өтілі үш ғасырдан асатын орманшылар әулеті тұрады.

Орман қорғауды ата кәсіпке айналдырған отбасы мүшелері «Ертіс орманы» мемлекеттік резверватында еңбек етеді.

Резерваттың іргесіндегі Шалдай ауылында орманшылар әулеті аз емес. Солардың бірі -еңбегімен еленген Рахметовтар отбасы. Шаңырақтың үлкені Закира әжей өмірінің 34 жылын орманшылыққа арнады.

Закира Рахметова, зейнеткер:
- 1952 жылы мен осында, осы лесхозға Ближний Бозалаң деген орманшылыққа жұмысшы болып жұмысқа түстім. 15 жасымнан, 1952 жылы. Осы лесхоздан зейнетке шықтым. Әкем де зейнетке шықты осы лесхоздан. Қазір енді балаларым істейді.

Закира әжей тәрбиелеген бірнеше ұрпақ осы мамандықты таңдаған. Ұлы Амангелді Рахметов салада 40 жыл еңбек етеді. Қызметі қарағайлы алқапты қорғаумен шектелмейді. Қазір жұмыстың қызыған шағы. Мемлекеттік инспектор жас мамандармен бірге көшет егуге кірісіп кеткен.

Амангелді Рахметов «Ертіс орманы» табиғи резерватының мемлекеттік инспекторы:
- «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді халқымыз. Табиғатты аялау керек. Балаларым мен немерелерімді осыған тәрбиелеймін. Осындай бірегей орман бізде ғана бар. Сондықтан мамандығыма адалмын, жастарға үлгі болуға тырысамын.

Ал Қайыргелді Рахметов - орталық диспетчерлік қызметтің бастығы. Бұл жерде 30 жылдай табан аудармай жұмыс істейді.

Қайыргелді Рахметов, «Ертіс орманы» табиғи резерваты шалдай филиалы  диспетчерлік қызметінің бастығы:
- Орман қорғау саласына жаңа технологиялар енгізіліп келеді. Қуанышымда шек жоқ. Өзім де жастармен бірге жаңашылдықтарды қалт жібермей, меңгеріп алуға тырысамын. Себебі басты мақсатымыз - орман қорын молайтып, сақтау. Өрт болған жағдайда жедел әрекет етіп, күш жұмылдыруға атсалысу да менің жауапкершілігімде.

Қазбек Рахметов те орман саласын өз қалауымен таңдаған. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң бірден туған ауылына оралып, жұмысқа кірісті. Бүгінде табиғи резверваттың инженері болып еңбек етеді.

Қазбек Рахметов «Ертіс орманы» табиғи резерватының инженері:
- - Әкем, анам осы салада еңбек етті. Осы орманның ішінде өстім десем де болады. Сондықтан ойланбастан орманшы мамандығы бойынша білім алдым. Өкінбеймін. Мен үшін ата жолын қуу үлкен абырой.

Рахметовтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 351 жыл. «Ертіс орманы» резерватында осындай жанұя көп. Олардың барлығы орман қорғау қызметіне кездейсоқ келген жоқ. Барлығының мақсаты бір – атадан мұра болған кәсіпті ту етіп, адал жұмыс істеу.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков