Алматыда Арслан Құрманбековке ескерткіш тақта орнатылды
Алматыда қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Арслан Құрманбековке ескерткіш тақта орнатылды.
Ол биыл 8 мамыр күні Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінде тұтанған тілсіз жауды ауыздықтау кезінде қаза тапқан болатын. Марқұм ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Енді міне 19 қазан-Құтқарушылар күні қарсаңында өзі еңбек еткен №7 өрт сөндіру бөліміне ескерткіш белгі қойылды. Арслан Құрманбеков 1994 жылы Талғар қаласында дүниеге келген. Ол еңбек жолын 2015 жылы бастаған. Еске алу іс-шарасына әріптестері мен туған-туыстары қатысты.
Ұлан Құрманбеков, А. Құрманбековтың бауыры:
- Қазақстан республикасына еңбегі сіңді деп есептеймін. Арслан бауырымызға келетін болсақ, өз ісінің маманы, осы атаққа ие деп санаймын. Бүгінгі ашылу салтанаты да әрбір артта келе жатқан жастарға үлгі деп есептеймін.
Азамат Қайрат, №7 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
- Арслан екеуміз 2015- жылы жұмысқа орналасқаннан бері дос болдық, әріптес болдық, бауыр болдық. Арсланның ең жақсы қасиеттері ол – әрдайым күліп жүретін, ешқашан бұл өмірде сынбай, мұңаймай, еңсесін түсірмей өткен.