Саты – үздік туристік ауыл

Алматы облысындағы Саты ауылы «Үздік туристік ауыл-2023» халықаралық марапатына ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүниежүзілік туристік ұйым жыл сайын ауылдық жерлерді дамыту, мәдени құндылықтар мен аспаздық дәстүрлерді сақтауда ең үздік туристік ауылдарды анықтайды. Саты – Көлсайға барар жолда орналасқан, табиғат көркем мекен. Бұл аймақ өзінің асқар тауларымен, таза көлдерімен және қазақы қонақжайлығымен ерекшеленеді.

Халықаралық ұйым 260-қа жуық өтінімді қарастырып, әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 54 елді мекенді таңдаған. Биыл Саты ауылының инфрақұрылымы жақсарып, демалыс аймақтары көбейген. Алдағы уақытта Көлсай мен Қайыңды көлдеріне баратын қосымша туристік бағыттар ашу жоспарланып отыр. Жалпы жыл басынан бері Көлсай көлдеріне 300 мыңнан астам саяхатшы барған.

Давид Сташчак, саяхатшы:

- Тауға келіп, таңғалып жатырмын. Көлсайдың табиғаты керемет. Жолда Саты ауылында болдық. Қонақ үйлер мен демалыс орындары көп екен. Қызмет көрсету, сервистің дамығаны көрініп тұр. Ауылда сахатшылар үшін барлық жағдай қарастырылған.