Елордада тұңғыш рет арғымақтар сайысы басталды

Республика күніне орай ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатына 50-ден аса шабандоз келген.

Олардың ішінде көрші Қырғыз бен Ресейдің де спортшылары бар.   

6 жасынан ат құлағында ойнаған Ержан Мағжаев конкур спортынан Азия және Қазақстан чемпионы. 15 жылдан бері кедергілерді еңсерумен кәсіби түрде айналысып келеді. Арманы - әлемдік додада топ жару.

Ержан Мағжаев, шабандоз:

- Бұл спортта өзіміздің ұлттық ойындардағыдай секілді қорқыныш болмауы керек. Ат пен шабандоздың бірге үйлесіп, бірге секіруі, екеуінің ойы бір жерден шығуы керек.

Фариза Жанғанаева, тілші:

- Ат дүбіріне елітпейтін қазақ жоқ. Бүгін шабандоздар ат жарысының ерекше түрі конкур, яғни кедергілерді еңсеру бойынша шеберліктерін сынауда. Қатысушылар 8 түрлі тосқауыл бойынша кедергілерді еңсеруі керек. Ең биігі 160 сантиметрлік тосқауыл.

Қатысушыларға қойылатын басты талап - жылдамдық. Уақытқа ілесу. Кедергілерден мүдірмей өту. Осындай шаршы алаңда өз елімізден бөлек, көршілес қырғыз елінің де шабандоздары төбе көрсетті.

Андрей Тряпицын, қырғыз елінің шабандозы:

- Турнир өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақ, қырғыз бір туған демекші, бүгінгі жарыс, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты бейнелейді. Бізді осында шақырып, жарыста өз бағымызды сынауға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін.

Бұл спорт түрі Еуропада жақсы дамығаннан кейін, аттардың көбі Польша, Франция, Англиядан әкелінген. Ал елімізде Қостанай тұқымы спортқа бейім екен. «Болашақта өз еліміздің жылқылырын да бәйгеге қосу жоспарда бар дейді»,- мамандар.

Әсет Толқымбеков, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Алдымыздағы мақсат әр спортсменнің мақсаты әр бапкердің спортшысы. Олимпиада ойынына шықса дегендей. Бізде әзірге спортсмендер этаптық кубок мираларға қатысып жүлдегер болып жатыр.

Чемпионаттың бүгін бірінші күні өтті. Жүзден жүйрік шыққандар келесі күні анықталмақ. Жеңімпаз осы іріктеуден кейін алдағы уақытта өтетін әлемдік додаларға жолдама алады.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Наурызбай Құрманғазы