СҚО-да алғашқы қар жауды

Солтүстік Қазақстан облысында алғашқы қар жауып, көктайғақ болды.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Көшелердің қатуынан жүргізушілер таңертеңнен бері дөңгелек ауыстыру орындарында кезекті тұр.

Бір күн бұрын Петропавлда жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Ал түндегі суықтан жердің беті қатып, жолдар мен көшелер көктайғаққа айналды.   

Блиц:

- Қар жауып, көктайғақ болып жатыр. Суық. Жылы киініп жүру керек. Қысқы мезгілге ауысу керек.

- Қыс келіп қалды ғой деймін. Салқындады, мұз далада. Жолдар, сулар – бәрі қатып, салқындап қалыпты. Сол енді біздің жақтың ауа райы осылай ғой өзі.

Дүйсенбінің таңы жаяу жүргіншілермен бірге жүргізушілерді де әбігерге салды. Олар қысқы дөңгелектерін шығарып қала аралап жүр. Ал оны ауыстыратын мамандардың сөйлесуге де уақыты жоқ.

Эльбрус Қайыркелдин, қала тұрғыны:

- Машина көп. Қазір, міне, менің артымдағы әлгінде соңында келіп жатқандар шамамен 60-ыншы адамдар ғой машиналар. Келіп жазылып кетіп жатқандар көп.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты түнде республикалық трассаларды жабу туралы шешім қабылданды. Соның өзінде облыс бойынша 2 жол апаты болып, 5 адам жарақат алды.

Баян Байғаскина жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы:

- Астана – Петропавл және Көкшетау – Рузаевка республикалық маңызы бар автожолдардындағы көлік құралдарының барлық түрлеріне шектету орнатылды. Қазіргі уақытта ауа райының тұрақталуына байланысты барлық шектетулер алынды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Синоптиктердің болжамы бойынша, осы апта осылай қарлы, жаңбырлы болады. Ал сынап бағанасы түнде минустан түспейді. Бұл дегеніміз қыс қыр астында деген сөз.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.