Павлодарлық 100 оқушы «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығымен марапатталды
Республика күні қарсаңында павлодарлық 100 оқушы «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығымен марапатталды.
Оқу мен ғылымда, спорт пен шығармашылықта үздік атанған жеткіншектер арнайы төсбелгіге ие болды. Арнайы сыйлық қатарынан үшінші жыл тағайындалып отыр. Биылғы іріктеу кезеңіне 400 оқушы қатысты. Дарынды балаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы қаржылай сыйақы берілді.
Азамат Халел, "Тәуелсіздік ұланы" сыйлығының лауреаты:
- Оқу жылдарында спорттық нәтижелер көп болды. Өзім тоғызқұмалақтан 2021 жылы бастадым. Бірінші жылда көп дайындалдым. Сосын жарыстарға шыға бастадым. Осы 2023 жылы бір тоқсанның ішінде облыстық жарыста орын алдым, әлем чемпионатына бардым. Қазір Петропавлда болатын командалық чемпионатқа дайындалып жатырмын.
Даяна Фарафонова, "Тәуелсіздік ұланы" сыйлығының лауреаты:
- Волонтерлікпен бірнеше жыл бойы айналысып келемін. Бұл жүрегімнің қалауы. Түрлі жобаларға қатысып, қайырымдылық акцияларын өткіземіз. Қатарымыз жыл сайын көбейіп келеді.