IT-Aiel жобасына 2 мыңнан аса қыз-келіншек ниет танытты

Елімізде 2 мыңнан аса жұмыссыз әйел IT-Aiel жобасы бойынша білім алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында 60-ты алқымдаған аналар да бар. Олар 2 ай бойына жаңа мамандықтың қыр-сырына қанығады. Елорда төрінде жобаның алғашқы қарлығаштарына дипломдар табыс етілді.

IT-Aiel жобасына қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса қыз-келіншек ниет танытты. Олардың ең жасы 23-те болса, егдесі 60-тан асқан. Бүгін оқуын тәмамдаған 100 түлек арнайы дипломға ие болды. Қатысушылар 2 ай бойына білім алды. Осы аралықта олар компьютерлік сауатын арттырып қана қоймай, веб-сайттар мен түрлі қосымшаларды жасауды тегін үйренді.

Жансая Меңлібаева, жоба қатысушысы:

- Менің 2 балам бар, 5 жыл бойы декреттемін. Мен – негізі мамандығым бойынша туризм саласының мұғалімімін. Колледжде сабақ бергенмін. Басында қиын болды, өйткені бағдарламаларды жаздық. Жасанды интеллект дейді ғой, соны үйрендік. Болашақта мен бұрынғы мамандығым – туризм саласы мен IT саласын біріктіріп, осы жобаны жалғастырығым келеді.

Тың жобаға ынта танытқандардың дені – жұмыссыз әйелдер мен декреттегі аналар. Оларға қоғамда өз орнын табуға жәрдемдесу маңызды, - дейді ұйымдастырушылар. Оның үстіне елімізде IT мамандығын игерген әйел заты некен-саяқ. Қазір бұл салада еңбек етіп жатқандардың 80%-і – еркек кіндік.

Дәулет Беймурзинов, Astana Hub білім беру бағдарламалары офисінің директоры:

- 100-ден астам қатысушы біріншіден халықаралық абфорд деген фриланс платформасына тіркелді. Олар no-code, тильда, басқа да платформаларды үйренгеннен кейін сол фринланс платформада басқа компаниядардың тапсырыстарын алып, жұмыс істей алады.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Әйел бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымнен әлемді тербейді. Иә, әйел қаласа алмайтын асуы жоқ. IT әйел жобасының басты мақсаты – һ қыз келіншектерді жаңа іске баулып, табыс табуына жағдай жасау.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Арман Ақшабаев.