Абай облысының бірқатар азаматына мемлекеттік марапат тапсырылды

Республика күні қарсаңында Абай облысының бірқатар азаматына мемлекеттік марапат тапсырылды.

Еңбегі еленіп, құрметке бөленгендердің арасында мұғалім де, дәрігер мен қарапайым жұмысшы да бар.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев өңір жұртшылығын ұлттық мерекемен құттықтады. «Парасат», «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалін салтанатты түрде табыс етті.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Егемендігімізді еселеп, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтау баршамызға артылған абыройлы міндет. Ұлы Абайға арқа сүйеген мемлекетіміз осынау күнге ақырын жүріп, анық басып саяси дүрбелеңге жол бермей аман жетті. Мұның барлығы халқымыздың ортақ еңбегінің жемісі мен жеңісі.

Сан жылғы еңбегі еленіп, мемлекеттік марапатқа ие болғандардың ішінде Айнұр Қанапиянова да бар. Ол 34 жылдан бері білім саласында еңбек етіп келеді.  

Айнұр Қанапиянова, Аягөз қалалық көпбейінді қазақ гимназиясының директоры:

- Бүгін республика күніне, ұлттық мерекеге орай білім саласындағы еңбегімізді елеп, үкімет, Президентіміз жоғары наградалардың бірі медальмен марапаттап жатыр. Бұл үшін үлкен алғыс білдіремін.

Асқар Мұқанов, облыстың бас имамы:

- 25 қазан ол біздің мемлекетіміз үшін үлкен маңызды мереке. Халықтың тұтастығы, бірлігі, ынтымағы үшін өте маңызды. Осы тұрғыда барша қазақ елін, Қазақстан жұртшылығын мерекемен құттықтаймын.

Бүгін Абай облысының бірқатар азаматына Президент мемлекеттік награда табыстады. Семейдегі №7 мектеп лицейінің мұғалімі Алма Шүкежанова Қазақстанның Еңбек ері атанды. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы