Жетісу облысында өңір дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды
Республика күніне орай Жетісу облысында да өңір дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Ұстаздар, дәрігерлер, шаруалар мен өндіріс майталмандары және өнер қайраткерлері "Парасат", "Құрмет" орденінің иегері атанды. Сонымен қатар өзге де сала қызметкерлеріне "Еңбек даңқы", "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медальдары, Президенттің "Құрмет" және "Алғыс хаты" табыс етілді.
Жамал Баймәдиева елу жылдан аса ұстаздық етті. Еңбек өтілінің тең жартысын жетім балаларды тәрбиелеуге арнады. Тастанды сәбилерге ана бола білген мейірімді жан мереке қарсаңында «Құрмет» орденін иеленді.
Жамал Баймәдиева, "Құрмет" орденінің иегері:
- Ұстаздық деген мәңгілік мамандық қой. Ұстаздың алдынан өтпейтін адам жоқ. Енді ойлаймын бұл еңбегімнің жемісі деп. Шынын айтсам үлкен өмірдегі бақытты қуанышты сәтімнің бірі.
Мерекелік жиында Әли Алпысбаев, Қуаныш Әжмағанбетов сынды өнер мен өндірісті өркендеткен аға буын өкілдері «Парасат» орденін төсіне тақты. Сонымен қатар оншақты адам Жетісу облысының құрметті азаматы атанды.
Нұрлан Арын, Жетісу облысының құрметті азаматы:
- Әр азаматтың халықтың ризашылығына жетуі ең үлкен мақсаты. Мен үшін бұл халықтың ризашылығы. Осындай марапатқа жету мен үшін үлкен құрмет.
25 - қазан еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданған күн. Салтанатты шарада марапатты табыстаған облыс әкімі айтулы мерекенің мәні мен маңыздылығын атап өтті.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
- Жетісу өңірінің еңбеккерлері өткен тоғыз айдың қорытындысында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мәселен өнеркәсіп өндірісінде, ауыл шаруашылығында құрылыс саласында ұялмайтындай жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 198 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. 11 ге жуық отбасы баспаналы болды.
«Жетісу облысының дамуы қарқынды. Мұның барлығы өңір халқының еселі еңбегінің нәтижесі»,- деді облыс әкімі. Әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов