Шымкентте Республика күні тойланды

Шымкент қаласында да Республика күніне орайластырылған мерекелік шаралар басталды.

Бүгін салтанатты жиында шаһардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан еңбек адамдарына мемлекеттік наградалар табысталды.

Шаһар жұрты Ұлттық мерекені тойлау үшін Түркістан сарайына жиналды. Құрмет қарауылы мемлекеттік туды салтанатты жағдайда сахнаға шығарып, әскери оркестрдің сүйемделдеуімен жанды дауыста гимн шырқалды. Қала әкімі айшықты мерекемен құттықтап, жыл жетістіктерін жеткізді.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

- Әрбір Қазақстан азаматы үшін бұл мейрамның маңызы зор, тарихы терең. Биылғы жылдың 9 айында Шымкентке 434 миллиард теңге инвестиция тартылып, жыл соңына дейін 722 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Біз татулық пен келісім аясында бұдан да биік жетістіктерге қол жеткіземіз.

Мегаполистің республикалық мәртебеге ие болуы шағын және орта бизнестің  дамуына септігін тигізді. Инвестиция артып, кәсіпкерлік нысан 130 мыңға жетті. Сәйкесінше экономикалық өсім жақсарды. Ішкі өнімнің үлесі 50%-тен асты. Мәдениет пен спорт саласының майталмандары да қала мәртебесін асырды.

Бауыржан Әбдубаитов "Ордабасы" футбол клубының президенті:

- Былтыр өздеріңіз білесіздер 11 жылдан бері ала алмай жүрген кубок иегері болдық. Биыл тарихымызда бірінші рет чемпион атағына ие болдық. Өте қуаныштымын. Мен үшін бұл үлкен абырой. Бұл сенімнен шығып, бұдан да әрі еңбек етуге бар күшімізді саламыз деп ойлаймын.

Қаланың өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен қарапайым жұмысшылар да құрметке бөленді. Ақтай Пірланов, 15 жылдан бері көлік жүргізіп, тазалық сақшыларын таң азанымен тасып келеді.

Ақтай Пірланов, ІІІ дәрежелі "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері:

- Таң азаннан қара кешке дейін тазалыққа жауапты мамандарды тасып, жұмыс орнына апарып, алып келіп жүрдім. Сол еңбегім бағаланып, бүгін орденмен марапатталып жатырмын. Рақмет бәріне. Мереке құтты болсын.

Шымкенттіктер Республика күнін үш күн қатарынан тойламақ. Мәдени, рухани жиыннан бөлек, балаларға арналған 15 ойын алаңы ашылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы