Ақмола облысында медицина саласының 15 қызметкері баспаналы болды

Ақмола облысында ұлттық мерекеге орай медицина саласының 15 қызметкері баспаналы болды.

Ақ халаттыларға арналған жаңа тұрғын үй кешені Зеренді ауданының орталығында бой көтерген. Баспаналы болғандардын басым бөлігі еңбек жолын енді бастаған жас мамандар.

Биыл Зеренділік медицина қызметкерлерінің қатары 15 жас маманмен толықты. Мереке қарсаңында соның 12-сі жаңа пәтерге ие болды.

Зульфия Шолтышева, дәрігер:

- Өте қуаныштымын. Мен облыс әкімінің грантымен елордада білім алып келдім. Еңбек жолымды осы аудандық ауруханадан бастап отырмын. Жас дәрігерлерге осындай қолдау көрсетіліп жатқанына қуаныштымын.

Гүлмира Уақпаева, дәрігер:

- Біз бұл баспананы көп күттік. Міне, мереке қарсаңында арманымыз орындалып жатыр. Біріншіден біздің еңбегіміз ескерілгеніне қуаныштымыз. Иә, соңғы уақытта мемлекет тарапынан дәрігерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Бұл да өз кезегінде біздің жұмысқа деген қызығушылығымызды арттыра түсері сөзсіз.

Осыған дейін ауданда дәрігер тапшылығы болған. Қазір жаңа келген жас мамандардың арқасында бұл мәселе шешімін тауып отыр. Жалпы қоныс тойын тойлағандардың қатарында тек жас мамандар ғана емес, көпбалалы және тәжірбиесі толыққан дәрігерлер де бар.

Әсен Жақсылықов, Зеренді ауданының әкімі:

- Келер жылы 4 ауылда медициналық нысан салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар дайындалды. Қажетті қаражат бөлінсе 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталады.

Баспанадан бөлек, жас мамандарға 2,5 млн.теңге шамасында көтерме ақыда қарастырылған. Осындай ынталандыру шараларының арқасында биылдың өзінде 120-ға жуық медицина қызметкері жұмысқа қабылданды. Оның 85-і қазір ауылдық жерлерде қызмет етіп жатыр.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный