Атырауда «Каспий тынысы» халықаралық ғылыми конференциясы өтті
Атырауда Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінде орналасқан «Мұнайшылар даңқы» қабырғасы жаңа есімдермен толықты.
Мұнай-газ саласына елеулі еңбек сіңіріп, ел экономикасының дамуы жолында аянбай қызмет еткен мұнайшылар ұлықталды. Сондай-ақ көрнекті ғалым, геология-минерология ғылымдарының докторы Мұфтах Дияровтың 90 жылдығына арналған «Каспий тынысы» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.
Нұрлан Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында орналасқан мұнай мүзейінде қара алтынның тарихы, белгілі мұнайшылар династиясы туралы деректер сақталған. Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінде өткен іс-шарада «Мұнайшылар даңқы» қабырғасы жаңа есімдермен толықты. Олардың арасында ата кәсіпке адал болған Огай әулеті де бар.
Руслан Огай, мұнайшы:
- Огай әулетінің өкілі болу мен үшін аса құрмет. Біз үшін өте маңызды күн. Осындай салтанатты шараға қатысып, атама естелік планкасын ашып, қатысып отырмыз.
Жиынға қатысушылар ғасыр жасаған «Ембімұнайгаз» мекемесінің тарихы туралы кітаптың тұсауын кесті. Сонымен қатар көрнекті ғалым, профессор, Каспий маңы геологиясы, экологиясы туралы өшпес мұра қалдырған Мұфтах Дияровтың 90 жылдығына орай ғылыми конференция өтті.
Гүлзада Шакуликова, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры:
- Ол сияқты ғалымдар Қазақстанда көп емес. Ол өмір бойы ғылыми зерттеулерін осы Каспий тынысын зерттеуге, оның экологиясын, геологиясын зерттеуге бүкіл өмірін жұмсаған. Сондықтан бүгінгі университетте жиналып жатқан ғалымдар Прикаспийский бассейнді әрі қарай қалай зерттейміздеген оймен келіп отыр.
«Ғылыми конференция Каспий теңізіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Сонымен қатар түрлі апатты алдын алуға тың серпіліс береді», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов