БҚО-да дәрігер тапшы
Биылдан бастап Батыс Қазақстан облысының шалғайдағы Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарына жұмысқа барған дәрігерлерге 5 миллион теңге көлемінде көмек көрсетіліп жатыр.
Оралдың жанындағы Теректі, Тасқала, Бәйтерекке 1,5 миллион теңгеден, өзге 7 ауданға келген мамандардың қолына 2,5 миллион теңгеден қайтарымсыз қаржы тимек. Соның арқасында биыл Орал өңірінде 112 маман жұмысқа тұрған. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе көп. Тұтастай алғанда қазіргі таңда облыста 249 дәрігердің орны бос.
Нұрлан Зекешовтың мамандығы фтизиатр. 2014 жылы оқу бітірген соң Оралдағы туберкулез дипсансерінде жұмыс істеген. 2020 жылы Алматыдағы пульмонология орталығына ауысты. Ал биыл шалғайдағы Бөкей Ордасына баруды жөн санаған. Қазір аудандық ауруханада жалпы тәжірибедегі дәрігер.
Нұрлан Зекешев, дәрігер:
- Әрине, мен ауылдың баласымын ғой. Сайқыннан да кішкентай ауылдан шыққанмын. Ауыл тұрмысы ұнайды. 2007-ден бері қалада жүрмін. Ауылдың тұрмысын, ауыл тіршілігін сағынып, ауылға келіп қалдық.
Биыл Батыс Қазақстан облысына өзге өңірлерден келген дәрігерлерге берілетін біржолғы қайтарымсыз қаржыны арттыру туралы шешім қабылданды. Соның арқасында Бөкей Ордасы аудандық ауруханасына бірі Алматы, бірі Астанадан екі дәрігер келді.
Анарбек Белисанов Бөкей Ордасы аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Енді екі-үш жылда сол мамандар кем дегенде 6-7 дәрігер, максимальды 10 дәрігер келеді деген үміт бар, сөйлесіп отырмыз Ақтөбе қаласы медуниверситеттерге басшылық тарапынан іс-сапар беріп, мамандарды тарту мақсатында барып келіп жүрміз. Әрине 5 млн теңге қолда болғасын нәтиже көрініп жатыр.
Маман тапшылығын жою мақсатында облыс әкімдігінен қосымша гранттар бөлініп жатыр. Биыл 100 гранттың 60-ы медицина мамандарына қаралды.
Ерлан Тоқсанов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бұл 12 мамандық бойынша бөлінген грант. Оның ішінде жалпы тәржірибедегі дәрігер, хирургия, неврология, офтальмология, эндокринология, акушер-гинекология, ревматология. Сонымен қатар біздерде 18 грант резидентураға бөлінді. Резидентураға 10 мамандық бойынша 18 грант бөлінді.
Ауылға ат басын бұрған мамандардың тұрғын үй мәселесі жергілікті әкімдіктердің жәрдемімен шешімін тауып жатыр. «Бұрынғыдай «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша мамандар үй ала алмайды. Өйткені бағдарлама аясында қаралған қаржы аудан орталықтарында баспана алуға жетпейді», - дейді мамандар.
Руслан Манашев, Бисен ауылдық дәрігерлік амбулаториясының фельдшері:
- Бөлінген «Дипломмен ауылға» қаражат 4 млн 500 мың теңге болды, Соның 4 млн үй алдық осыннан, ауылдың өзінен. Аудан орталықтарынан келмейді. Аудан орталықтарында үй деген қымбат. Бір үйдің өзі аудан орталығындағы 6-7 млн сондай болады.
Былтыр Батыс Қазақстан облысына өзге өңірлерден 52 дәрігер келсе, биыл 112 дәрігер тартылды. Ал жалпы өңірде 249 дәрігер жетіспейді.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов