Қазақстанда жыл сайын 13 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмады

Елімізде жыл сайын қатерлі ісікке шалдыққан 40 мыңдай науқас тіркеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өкінішке қарай, 13 мың адам осы дерттен көз жұмады. Ал Павлодар облысы қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші жағынан республикада үштікке кіреді. Осыдан бір ай бұрын елімізде онкологиялық қызметті дамытудың кешенді бағдарламасы бекітілді. Ол 5 жылға арналған. Онкологтар үшін жаңа құжат қаншалықты маңызды? Қауіпті дертке қарсы күрес өңірлерде қалай жүргізіліп жатыр?

Қазір онкологиялық аурулардың құрылымында республика аумағында бірінші орында сүт бездері, екінші өкпе, үшінші  асқазан мен ішек жолдарының қатерлі ісігі тұр. Урология бойынша операция жасатып кейін  радиология бөліміне ауысқан Рыспек Шәкейдің денсаулығы жақсарып келеді. Науқастың бұл бөлімшеде жатқанына 2 айдан асқан. Қазір сәулелі- желілік үдеткіштен өтіп жатыр. Емдеудің бұл түрі күніне 60 науқасқа қолданылады.

Рыспек Шәкей, емделуші:

- 30 рет мынау сәулелі ем аласыз деп, бүгін енді 28-ші рет алып жатырмын. Бұл жердегі дәрігерлердің, мейірбикелердің жалпы қызметкерлердің қызметі өте керемет. Бұлар енді заманауи технологиямен жабдықталған екен. Мен келгенде біраз енді әжептәуір ауыр сырқатта болып едім, қазір, міне, жақсы болып қалдым.

Онкологиялық диспансер заманауи желілік үдеткіш қондырғысын 4 жыл бұрын алдырған. Ол жұмыс тиімділігін арттыруға сеп болды. Келешекте осындай тағы бір құрылғы алынбақ.

Ернұр Неғманов, онколог-дәрігер:

- Бұның жақсылығы неде? Бұрынғы кобальттық сәулелік емге қараған кезде бұл сәулелік доза дейді ғой, бұл сәулелік дозаны қатерлі ісікке максималды түрде жеткізіп және де жергілікті асқынуларын азайтады. Біздің жоспарда барлығы жақсы болса, екінші үдеткіш қойылады. Бұл деген өте жақсы. Жалпы республикалық көрсеткіштермен алсақ, жылына мың адамға шейін сәулелік ем жүргізе аламыз, қазір жобасы жылына 500 науқастай бізде сәулелік ем алады.

Павлодар облысында қатерлі ісікке шалдыққан 13,5 мың адам есепте тұр. Жыл сайын аурудың 2,5 мыңға жуық жаңа дерегі тіркеледі.

Ернұр Неғманов, онколог-дәрігер:

- Біздің аумақ бойынша ауырсыну дәрежесі 100 мың тұрғынға есептесе 356 жағдай болады. Бұл дегенің жалпы республикалық дәрежеден жоғарырақ. Егер де 5 жылдық өмір сүру деңгейіне келетін болсақ, бүгінгі таңда ол бізде 56,5- 57%-ке дейін өскен.

Ауру ерте анықталса, емдеу нәтижелі  болады. Тұрғындар 3 түрлі скринингтен тегін өтеді. Олар – сүт бездерінің қатерлі ісігі, колоректальды қатерлі ісік және жатыр мойнының қатерлі ісігі. Енді бұған өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясы қосылады.

Сергей Борисенко, облыстық онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі:

- Кешенді жоспар бірінші кезекте ерте диагностикалауға, уақытылы мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Кадр саясатына көп көңіл бөлінеді. «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, мамандарды шетелдің жетекші клиникаларында оқыту көзделіп отыр. Бұл онкологияға қарсы күресті күшейтеді.

Қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек өте қымбат. Алдағы уақытта қажетті препараттар онкологиялық қызметті дамыту бағдарламасы арқылы алынады. Кадр тапшылығы да оң шешімін табады. Жаңа құжатта қауіпті факторлардың диагностикасы, ауруды ерте анықтау, кадр мен ғылымды дамыту, заманауи емдеу құрылғыларымен жабдықтау сияқты бағыттар қарастырылған. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.