Отандық статистика қызметіне - 103 жыл

Бүгін статистика саласы мамандарының кәсіби мерекесі.

Әлеуметтік-экономикалық деректерді қалыптастыратын қызметке биыл 103 жыл толып отыр.

Қазақстандағы статистика қызметінің тарихы 1920-шы жылдан басталады. Сол жылы 8 қарашада Қазақ АКСР-нің статистикалық мекемелері туралы ереже бекітілген. Араға аз уақыт салып, Орталық статистикалық басқарма құрылады. Мамандар халық санағы, ауыл шаруашылығы есептері, өндіріс көлемі, ауа райы құбылыстары бойынша алғашқы деректерді жинақтаған. 

Сәбит Шілдебай, ҚР орталық мемлекеттік архивінің директоры:

- Егін шаруашылығы, мал шаруашылығында Қазақстан территориясында жауын шашынның түсу көлемі, жел қай уақытта тұрады, оның бәрін есепке алып отырған. Оның бәрі не үшін керек? Сол кезеңде мен бір таңғалғаным, 20-жылдардағы ғалымдардың есебі бойынша, Қазақстандағы тұратын табиғи желден өндіруге болатын электрдің қуатын есептеп шығарған. Ол мәліметтердің барлығы бар.

Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивінде Орталық статистикалық басқарманың тарихы туралы арнайы құжаттама қоры жасақталған. Тың деректер жетерлік. Мәселен, батыр Бауыржан Момышұлы халық шаруашылығын есепке алу басқармасында қызмет етіпті. «Бір қызығы, архивтегі статистика деректерін зерттеушілер аз. Түпнұсқадан алынбағандықтан, елімізге қатысты тарихи деректерде сәйкессіздіктер басым», - дейді мұрағатшылар.

Сәбит Шілдебай, ҚР орталық мемлекеттік архивінің директоры:

- Осы 20-шы жылы ұйымдастырылған Қазақ орталық статистикалық басқармасы 1931 жылы көктемде жоспарлау комиссиясының құрамына беріліп, УНХУ деген атпен айтылды. Яғни, халық шаруашылығын есепке алу басқармасы болып қайта құрылған болатын. Міне сол кезеңде Бауыржан Момышұлы 1931 жылдың 23 наурызынан бастап осы мекемеде қызмет істепті. Алғашында ол кадр біөлімінде қызмет істеген. Содан кейін екі айдан кейін істер басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған.

Бүгінде статистикалық қызмет қағазбастылықтан құтылған. Барлық деректер цифрлық түрде жасақталады. Мемлекеттік органдардың дайындаған мәліметтерін жүйелеуден бөлек, баламалы дерек көздердің статистикасын жүргізу де жолға қойылып келеді.

Сәкен Саттыбаев, Ұлттық сатистика бюросы қала бойынша департаментінің басқарма басшысы:

- Баламалы көздерден статистикалық деректерді алуға қарастырып жатыр. Мысалы, мобильді операторлардың деректері, маркет-плейстердің деректері, әлеуметтің желілердің деректері деген сияқты. Жердің аэроғарыш түсірілімдерін қолдану деген сияқты, біздің статистикаға осындай интеграция жүріп жатыр.

Қазір, елімізде әлеуметтік-экономикалық деректермен қатар, түрлі қызықты статистикалық мәліметтер де есепке алынады. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының сайтына өзіңіздің атыңызды, жасыңыз бен ұлтыңызды жазып, Қазақстанда сізбен аттас қанша адам бар екенін білуге болады. Сонымен қатар, соңғы жылдары сәбилерге ең көп қойылған есімдер де деректер тізімінде бар. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарымбаев