Ақтөбедегі көшесі ми батпаққа айналған ауыл

Ақтөбенің іргесіндегі «Қанағат» тұрғын алабының халқы күз келгелі ми батпаққа батып отыр.

Елді мекендегі 30-дан астам көшенің тек үшеуінде асфальт бар. Қалғандарына қиыршық тас та төселмеген. Арнамызға хабарласқан жұрт: «балалардың мектеп пен балабақшаға қатынауы мұңға айналды», дейді.

Әлия Әуезбаева қала іргесіндегі Қанағат ауданына екі жыл бұрын көшіп келген. Төрт бала өсіріп отырған отбасы осы тұрғын алабын таңдауға балабақша мен мектептің жақын болғаны түрткі болды, дейді. Бірақ көктем мен күзде жаңбыр суынан ми батпаққа айналатын ауыл көшелерімен жүру мұң.

Әлия Әуезбаева, қала тұрғыны:

- Жол деген атымен жоқ. Ата-аналар балаларын мектеп пен балабақшаға арқалап жүреді. Ойын балалары болса бір қолына бәтеңкесін, екінші қолына оқу орнында киетін аяқ киімін алып, аяғына резеңке етік киіп жүруге мәжбүр. Күнде бірнеше бала балшыққа құлап, үйлеріне қайтып жатады.

Соңғы жылдары облыс орталығының айналасында құрылыс қарқынды. Бұл ауданда да 700-ге жуық үй салынды. Тұрғындар саны болса 5 мыңға таяды. Соған қарамастен қоғамдық көлік жүретін үш көшеге ғана асфальт төселген. Қалған 29 көшеде тегіс жол тұрмақ, қиыршық тас та жоқ.

Ақылбек Бердалиев, қала тұрғыны:

- Екі мектеп бар. Мынау 58 содан кейін осы жолмен былай қарай баратын 77-мектеп бар мына жақта. Ол жақта, 77-мектептің алдында арық жүріп жатыр. Маржанбұлақтан бері қарай су ағады. Суағардың арығы тар, жан жағы ашық. Менің талай балаларымды мектептің мұғалімдері арқалап өткізді сол арықтан. Біз арыққа құлап кетеді ме деп қорқамыз.

Күләш Тәжбанова, қала тұрғыны:

- Щебеньді халық деген өз қалтасынан 50-60 мың төлеп кәдімгі үйлерінің қасына амалсыздан төгіп алып отыр. ЖКХ-ға барсақ ойбай тек жасап жатырмыз дейді. Жасап жатырған ештеңесі де жоқ. Сол баяғы жартас-сол жартас. Соныменен келе жатырмыз 8-9 жылдан бері.

Бұл Ақтөбе төңірегіндегі барлық ауыл тұрғындарының басында бар жағдай. Облыс орталығының Астана ауданына қарасты 20 елді мекен болса, қазір сол көшелердің тек 10 процентінде асфальт бар. Жергілікті билік өкілдері қиыршық тас кезең-кезеңімен төселеді, деп отыр. Жыл соңына дейін «Қанағат» ауданында 5 жарым шақырым жолды қамту көзделген. Қазір тендер өтіп жатыр.

Мирас Әжібаев, Астана ауданының ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- 12 мердігер қатысқан. Сол бойынша қазір құжаттарын тексеру жұмыстарын қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімімен тексеріліп жатыр. Соның ішінен жеңімпазын анықталғаннан кейін қиыршықтас төсеу жұмыстары басталатын болады. Осы қараша айының 15-не таман бастаймыз ба деген жоспарымыз бар негізі.

Ал асфальт төсеу жұмыстары келер жылдың еншісінде. «Ақтөбеге қарасты ауылдарда қоғамдық көлік жүретін көшелердің барлығы қамтылады», - дейді әкімдік өкілдері.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков