Алматыда жаңа емдеу-сауықтыру орталығы бой көтереді

Нысан қала орталығында уақытша салынған автотұрақ орнына салынады.

Кешен заманауи жабдықпен қамтылып, тұрғындарға бірнеше медициналық қызмет көрсетеді.

Сауықтыру орталығын салуды кәсіпкер Әсет Рақышев көптен бері жоспарлаған. Кешен жобасын әзірлегенше, бос орынға автотұрақ салды. Алайда жуырда кәсіпкер әу бастағы ойын іске асыруға бел буды. Бірақ бұл үшін автотұрақтың жартысын босатуға тура келеді.

Екатерина, қала тұрғыны:

- Мен бұл бастаманы құптамаймын. Алайда құрылыс заң аясында болса, ештеңе істей алмайтынымызды түсінемін. Біздің отбасымызда екі көлік бар. Біз осы автотұрақты пайдаланамыз.

Одан бөлек, жергілікті белсенділер сауықтыру орталығы салынса, коммуналдық мәселелер де асқынып кете ме деп алаңдайды.  

Қанат Тыныбеков, қала тұрғыны:

- Бұл аумақта қазір 100 үй бар. Бұрын 2 автопарк және екі автобус базасы болған еді. Әу баста өнеркәсіптік аймақ болды. Тиісінше, инженерлік желілер соған сай тартылды. Бірақ соңғы жылдары бес қабатты үйлер салына бастады. Енді мұндағы жілелер үлкен жүктемеге шыдамайды.

Ал кәсіпкер инженерлік желіге жүктеме болмайды, - деп уәде беріп отыр. Себебі, сауықтыру орталығына бөлек су құбырын тартамын дейді ол.

Әсет Рақышев, кәсіпкер:

 - Бұл қате пікір. Жобаны әзірлеу барысында біз су, газ және электр энергиясы бойынша барлық техникалық шартты алдық. Біз жақын маңдағы үйлердің коммуналдық желілеріне қосылмаймыз. Нысанның құрылысына оң көзқараспен қарайтын тұрғындар да бар. Өйткені бұл медициналық жоба болады.

Кәсіпкердің айтуынша, жобаның кем-кетігі жоқ. Құжатты әзірлеу кезінде барлық мәселе алдын ала келісіліп қойған.

Әсет Рақышев, кәсіпкер:

- Тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, біз аумақтың бір бөлігін тұраққа қалдырдық. Онда шамамен 50 орын болады. Бәлкім одан да көп орын қалуы мүмкін. Бұл тұрақтар қазір жұмыс істеп тұр, одан әрі де жұмыс істейді. Бірақ қазірдің өзінде тұрғындар  оны толық пайдаланып жатқан жоқ. Бос орындар бар.

Әсет Рақышевтың айтуынша, жобаны бастамас бұрын тұрғындармен талқылап, оның артықшылықтары туралы ескертілген. Оның үстіне тұрақты толық сүріп тастау жоспарда жоқ.

Әсет Рақышев, кәсіпкер:

- Бұл жобада медициналық бағытқа басымдық беруді жоспарлап отырмыз. Спорттық массаждың 15-ке жуық түрі болады. Тұзды камера, диагностикалық жабдықтар салынады. Білікті мамандарды да тарту ойда бар. Атап айтқанда орталық терапевт, лор-кабинеттер, күндізгі стационармен қамтылады.

Мәселеге қатысты аудан әкімдігі де түсініктеме берді. Олардың айтуынша, меншік иесі өзіне тиесілі учаскені қалай қолданатынын, заң аясында, өзі шешеді.

Әділет Әліпбек, Бостандық ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда аталмыш жер теліміне қатысты сәулет басқармасынан сәулет жоспарлау тапсырмасы алынған. Сонымен қатар, кеңес отырысында оң шешімін алынып, соңғы ескертпелерді ескере отырып жоба жасалынып жатыр. Және рұқсат қағаздарды толық алу үшін жұмыс жасалынып жатыр.

Кәсіпкер нысан құрылысына жақын арада кірісуді жоспарлап отыр. Кешен шамамен 1,5 жарымда іске қосылады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Рауль Ғабитов, Марат Диханбаев