Қостанайда КІА зауытының құрылысы басталды

Қостанайда әлемдік бренд Кіа зауытының құрылысы басталды.

Автоөндіріс саласындағы мега жобаның жалпы құны 250 миллион доллар. Оңтүстік Кореялық инвестор екі жылдың ішінде өндіріс орынын іске қосуды межелеп отыр. Бүгін зауыт құрылысының басталу рәсіміне Премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

Қостанай облысы инвестициялық тартымдылығы жағынан көбінен көш ілгері. Өткен тамыз айындағы инвестициялық форумда 700 миллярд тенгеге түрлі келісімдер жасалды. Бизнес өкілдері өңірдегі ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, машина жасау сияқты түрлі салаға қаржы салуға ниетті. Соның бір айқын дәлелі әйгілі Кіа компаниясының Қостанайда зауыт құрылысын бастауы.  

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Оңтүстік Корея елдегі ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді. Қостанайда Кіа автомобилін шығаратын толық цикілді зауыт салуды машина жасау саласы үшін шын мәнінде серпінді жоғары технологиялық жоба деп атауға болады. 

Әлемдік бренд саналатын Кіа компаниясының бұған дейін Оңтүстік Кореядан басқа елдерде зауыты болған жоқ. Әр нәрсені мұқият зерттеп, зерделейтін бизнес алпауытының Қостанайды таңдауы тегін емес. Өйткені осыған дейін «Аллюр» зауытында Кіа көліктері құрастырылып келді. Яғни тәжірибе бар. Оның сыртында  қажетті инфрақұлым, логистика бәрі қалыптасқан.

Ким Деки, Кіа зауытының бас директоры:

- Қостанайда ұсақ торапты құрастыру зауыты бар. Біздің көлік өндірісін де жақсы игерген. Оның сыртында жоғары сапалы авто бөлшектерді осында дайындауға болады. Оны сақтайтын орындар да бар. Сондықтан Кіа Қостанайға келді.

Қостанайда сондай-ақ оқшауландыру орталығы салынып жатыр. Онда шағын және орта бизнестің қатысуымен автобөлшектер өндірілетін болады. Осындай бірнеше инвестициялық жобалардың жүзеге асып жатқандығы қосымша көгілдір отын қажеттілігін тудырып отыр.

Кұмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Президент үкіметке облысты қосымша газбен қамтамасыз ету жағын қарастыруды  тапсырды. Ол мәселе шұғыл түрде қаралып, үкіметтік денгейде қаулы қабылданды. Соған байланысты енді Ақтөбе облысынан Қостанайға жаңа газ құбырын тартудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді. Бұл біздің өңірдегі ірі өндіріс орындарын, ауылдық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді.

Ал 2025 жылдың екінші тоқсанында іске қосылатын Кіа зауыты жылына 70 мың автокөлік шығаратын болады. Жаңа өндіріс ошағында 1500 жұмыс орыны ашылады.

Авторлары: Мағауия Қалиев  Ермек Мұхамедияров