БҚО-да ғалым операция жасаудың тың тәсілін тапты
Облыстық онкологиялық диспансердің хирургі Тайман Аманов қатерлі ісікті сылып тастаған соң, асқазан мен өңешті бір-біріне байланыстырып тігудің жаңа әдісін қолданып жүр.
Дәрігерлер қауым «Тайман тігісі» деп атап кеткен хирургиялық әдіске былтыр ғылыми зерттеу жасалып, ұлттық зияткерлік меншік институты арнайы патент берген.
Ауру асқынғанда онкологтар көбіне хирургиялық жолға жүгінеді. Операция үстеліне жатқызылған науқастың ендігі тағдыр-талайы дәрігердің қолында. 30 жылдық тәжірибесінде Тайман Аманов мыңдаған сырқатқа операция жасапты. Бүгін де ол маңдай тері тамшылай жүріп тағы бір адамды ажалдан арашалады.
Тайман Аманов, онкохирург, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Өте күрделі операция өтіп жатыр. Асқазанның қатерлі ісігі алдыңғы жағында бауырдың сол жақ бөлігіне жабысып қалған. Сондықтан толықтай қазір асқазанды алып тастадық, бауырдың ісігін алып тастадық. Ендігі этап өңеш пен ішекке жасап асқазанның ас қорыту жолдарын тұтастыру болады.
Жан-жағына жайылып, метастаз бере бастаған қатерлі ісікті сылып тастау қиын емес. Қиыны қалған дене мүшелерінің қызметі бұзылмайтындай қылып, өзара байланыстыру дейді дәрігер. Соның ішінде өңеш пен асқазанды бір біріне тіккеннен кейін тігісі сөгіліп кететін немесе ас өтпей қалатын жағдайлар жиі кездесіпті. Тәжірибелі Тайман бұл ретте бұрынғы әдістен бас тартып, бір қатармен тігу тәсілін ұсынған екен.
Тайман Аманов, онкохирург, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Сол бағытта мен жұмыстанғам. Асқазанды алып тастағанда, өңешті алып тастағанда, бір біріне байланыстыру әдісі. Енді біз патент алдық. Былтыр 80 адамға жасап жақсы екенін анықтадық. Қазақстан бойынша енді ол әдісті өзімізде қолданып жатырмыз. Ерекшелігі ғылыми тілмен айтқанда біріншіден тез жасалады, уақыты қысқарады кішкене. Сосын сенімділігі.
"Тайман тігісі" аталған тың тәсілмен операция жасалған науқастардың ешқайсы ауруы асқынбай, бәрі де сауығуға бет алыпты. Теректілік Нұрлан Бекболатов солардың бірі.
Нұрлан Бекболатов, облыс тұрғыны:
- Көктемде ауырып бастадым сәуірде ме. Солай жүрдім-жүрдім. Операцияны 11 қазанда істеді. Солай болды. Аурудан қорықтым. Операциядан қорыққан жоқпын. Операциядан кейін жақсы болды. Дәрігерлер жақсы қарайды.
Орал өңірінде онкологиялық ауруға шалдыққандар қатары биыл 4% артқан. Бірінші орынға сүт безі обыры орналасса, одан кейін өкпе обыры. Асқазан ісігі 3 орынға шықса, өңеш обыры 5-ші позицияда.
Зибагүл Бағжан, облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары:
- Әріптесіміз Амановтың жаңадан енгізген, патенттеген тігу тәсілінің оң нәтижесін қазірдің өзінде көріп тұрмыз. Операция уақыты 3 сағат жарымнан 2 сағат жарымға дейін қысқарды. Жазылып кету көрсеткіші жақсы. Қазір біздің аурухана хирургтары осы әдіспен жұмыс жасауда.
Облыста жыл сайын 120-130 адам асқазан, 100-110 адам өңеш обыры деген диагнозбен жаңадан тіркеледі. Сол аурулардың 60% -на операция жасалып, «эзофагогастро және гастроэнтероанастомозды тігу» тәсілі қолданылады.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов