Шымкентте Құрсай шағын ауданы судан тапшылық көріп отыр
Шымкентте Құрсай шағын ауданын ауызсумен қамту жұмыстары созбалаңға салынып кетті.
Екі жыл бұрын бюжеттен 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылысқа жауапты мердігер таңдалған еді. Бірақ тұтынушылар әлі күнге дейін суға жарымай отыр. Олар тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр.
Құлпынай Пайзулланың айтуынша, үйлерге тартылған құбырға су әлі берілмеген. Үш жылдан бері жағдай осы. Амал жоқ, ауыз суды тасып ішіп, үнемдеп тұтынады. Оны ұзақ сақтаса, сапасы нашарлап, денсаулыққа зиянын тигізеді.
Құлпынай Пайзулла, Құрсай шағын ауданының тұрғыны:
- Әжептеуір ақша шығады водавоздың өзіне 6,5 теңгеден алады. Айына содан 1 рет 2 рет құйдырамыз ғой. Солай ол сарғаяды. Соны ішіп жатырмыз қазір. Одан кейін ауырады. Іш өту болады көбіне балаларда. Тамаққа тұрады, ауызға дәмі келіп.
Құрсай шағын ауданындағы сегіз мыңнан астам абонентті ауыз сумен қамту 2021 жылы басталды. Мердігерлер ұзындығы 336 шақырымды құрайтын ішкі орамдық су жүйесін жүргізді. Алайда құрылысты тапсыру мерзімі созылып кетті. Салдарынан құбырлар кеуіп, тозып барады,-дейді наразы жұрт.
Ерғали Бейтемір, Құрсай шағын ауданының тұрғыны:
- Былтыр августта қосылады деген. Мына жерде водаканалдың жігіттері жүріп трубаны реттеп, жолды реттеп жүрді. Сөйтіп август келді, ол өтті. Содан әлі қосылған жоқ уже 1 жыл өтіп кетті. Мына жақта 2 жыл болды қазып дайындап труба тастап кеткеніне.
Ал салаға жауапты басқарма өкілдері бар мәселені су таратушы резервуардың құрылысымен байланыстырады. Сондай-ақ шағын аудан кеңейіп, тұтынушы саны да артып келеді,- дейді. Сондықтан құрылыс жоспары бірнеше рет өзгертіліп, жобаға түзетулер енгізілген.
Ақарыс Боранбай, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:
- Бізде жобада өзгерістер болды. Өзгерістер атқарылды. Жобалаушы мекемелермен бірге зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Өзгерген жерлері бар. Құрсайда уже үйлер бір емес, екеу емес көптеп салынып жатыр. Біз сол үшін автормен келісіп, сразу ол кісілерді де қосып кетіп жатырмыз. Қазір жәймен су беріліп жатыр. Просто судың напоры резервуарға қарап тұр. Ол резервуар толығымен 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Сол кезде береміз.
«Биыл шаһар іргесіндегі Құрсай шағын ауданынан бөлек Қайнар бұлақ пен Сайрам тұрғын алабында құрылыс жұмыстары аяқталуы керек. Қараша айында су құбыры сынақтан өткізіліп, есептеуіш құралдары орнатыла бастайды»,-дейді мамандапр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Салаға жауаптылардың сөзінше биыл 72 мыңнан астам абонент орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады. Нәтижесінде қала халқын таза сумен түгел қамтуға мүмкіндік тумақ. Алайда Құрсайлықтар құрғақ уәдеге күмәнмен қарап, бар мәселе бұл жолы шешіледі дегенге сене қоймады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов